Жүзге жуық жанның жайлы өмір сүруіне жағдай жасаған

буын

Бас ауырып, балтыр сыздағанда денсаулықтың басты байлық екенін ұғынасың. Әсіресе, буының қақсап, аяғың бастырмаса жанның азабы сол. Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының дәрігерлері жыл басынан бері 100-ге жуық адамға МӘМС есебінен буын алмастыру отасын сәтті жасады. Қол-аяғы қимылсыз қалып, жамбас сүйегі зақымдалған науқастар жасанды буын салдырудың көмегімен қалыпты өмірге оралған. Бүгінде олар емін-еркін жүріп -тұра алады.

Жоғары технологиялы медициналық көмектің нәтижесінде аяққа тұрған науқастардың бірі 76 жастағы Нұрбибі Сүйрімбетова. Бүкіл сан сүйегі мен тізе буыны зақымдалған зейнеткер «гонартроз» ауруына шалдыққан. Буын алмастыру отасын қалалық №1 клиникалық ауруханасы ортохирургия бөлімінің меңгерушісі Нұржан Естемесов бастаған Бахытжан Қарымбаев және Ерболат Абдрахманов есімді білікті дәрігерлер құрамы жасайды. Пациент қазіргі таңда ақ желеңділердің бақылауында. Алдағы уақытта қосымша медициналық оңалту шараларын қабылдайды.

-Операция медициналық сақтандыру бойынша тегін жасалды. Оны әрине ақылы жасатуға кез-келгеннің қалтасы көтере бермейді. Алтын қолды дәрігерлердің қамқорлығына ерекше алғысымды білдіремін. Операция сәтімен өтті. Қиындығын жеңемін деп ойлаймын. Аяғымды аздап баса бастадым,-дейді Нұрбибі Сүйрімбетова.

Ауырған буынның орнына жасанды имплант салынатын күрделі отаның құны 1,5 миллион теңгеден жоғары тұрады. Дәрігерлердің айтуынша, жасанды буын ұзақ жылдар бойы қызмет етеді және оның ауруға дейінгі буыннан еш айырмашылығы болмайды.

-Біздің ауруханамызда қолданылатын эндопротездер АҚШ –та шығарылатын медициналық өнімдер. Сапасы өте жақсы. Буын алмастыру отасы бірінші кезекте ауруды тоқтату немесе азайту үшін жасалады. Екіншіден, науқас реабилитациялық кезең өткеннен кейін, яғни 2-6 айдан кейін қосымша тірек құралдарынсыз балдақ ұстамай өз аяғымен бұрынғы өміріне қайта оралуына көмектеседі,-дейді ортохирургия бөлімінің меңгерушісі Нұржан Естемесов.

Буынды алмастыру отасы жамбас буынының артрозы (коксартроз), жамбас мойнының сынуы, сан сүйегі басының асептикалық некрозы сияқты диагноз қойылған кезде қажет етіледі. Дәрігерлер мұндай аурулардың жастар арасында да жиі кездесіп жатқанын айтуда. Былтыр аталмыш бөлімде 133 науқасқа буын алмастыру отасы жасалған.