Білім саласын цифрландырудың тиімділігі

Осыдан ширек ғасыр бұрын атауы мен мазмұны көпшілікке бейтаныс болған цифрлық технологиялар бүгінде барлық салаға терең еніп, индивидтердің дағдыларын түрлендірді. Мемлекеттегі цифрландыру деңгейі мен оның азаматтарының мұндай технологиялар туралы сауаттылық көрсеткіші елдің әлемдік аренадағы бәсекелік қабілетін, халықтың әл‑ауқатын айқындайтын факторлардың қатарына енді. Осыған байланысты, цифрлық жүйе мен сауаттылықты дамыту барлық қоғамдар үшін өзекті мәселелердің біріне айналды. Жаңа жүйеге облыстағы педагогтардың көзқарасы қалай? Бағдарлама ұстаздардың өміріне қандай өзгеріс әкелді. Педагогтардың пікірін тыңдадық.

Дүрия Еримбетова, №49 Ш.Уалиханов атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі:

Цифрлық технологияларға кең мағынада электронды құрылғылар, жүйелер мен мәліметтерді өңдейтін бағдарламалар жатады. Мұндай жағдайда компьютер мен смартфондар, әлеуметтік желілер, жасанды интеллект, түрлі бағдарламалар осы түсініктің ішіне енеді. Цифрлық сауаттылық дегеніміз осы технологияларды меңгеру және қолдана білу. Цифрлық технологиялардың аз мерзім ішінде өмірімізді трансформациялап, күнделікті тіршілігіміздің бір бөлігіне айналғаны жасырын емес. Олар еңбек нарығын да өзгертіп, бірқатар мамандықтарды жойып, орнына жаңа қызмет түрлерінің пайда болуына әкелді. Сол себепті жаңа шарттарға бейімді болу мен оған қажетті дағдыларды білу ең керекті қасиеттердің қатарында қарастырылады.

Бүгінде ғылым мен технология  қарқынды даму жолында көптеген жұмыс орындарына барлық салаларда жаңа технологияны жетік қолдана алатын тұлғалар шақырылады. Сондықтан, бұл  мәселелерді шешу үшін білім беру жүйесін жаңа форматта, цифрлық технологияларды қолдану жолымен дамыту маңызды. Білім беру ұйымдарын жаппай цифрландырудың маңызы болашақ ұрпақтың кез келген салада ақпараттық сауаттылығын арттырып, шеберліктерін шыңдап, жан-жақты іскерлігін дамытып, бәсекеге қабілетті етіп, білім кеңістігінде өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға жағдай жасайды. Сонымен қатар, бұл – білім сапасын арттыру, оқыту үдерісін қолжетімді ету, мұғалімдердің, оқушылардың, ата-аналардың байланыстарын жеңілдету тұрғысынан да өзекті. Осы мақсатта білім саласын цифрландыру жұмыстары кең қанат жайып келеді. Атап айтсақ, орта мектептерді жаппай компьютерлендіру, соңғы модельдегі техникалармен жабдықтау, ақпаратты тасымалдаудың ыңғайлы жолдарын дамыту болып саналады. Бұл контекстте қашықтан оқытудың да осы цифрлық жүйеге жататынын айтып өткен дұрыс. Пандемия жағдайында өзекті болған онлайн білім беру алдағы уақытта дәстүрлі форматпен қатар маңызды болады және оның нарықтағы үлесі ұлғаяды деп болжануда.

Ковид‑19 таралуымен әлемнің барлық дерлік елдерінде енгізілген карантиндік шаралар нәтижесінде оқушылардың қашықтан білім алуға мәжбүр болуы, бұл мәселенің өзектілігін арттырды. Карантиндік шектеулер жағдайында оқушылардың білім алудан қол үзіп қалмауы, оларға сапалы білім беру мәселесі ең өзекті және көп талқыланған тақырыптардың бірі болды. Миллиондаған жастардың қашықтықтан оқытуға жүгінуі, бұл салаға үлкен инвестиция керек  екенін аңғартты. Соның нәтижесінде тек мемлекеттік емес, жеке инвесторлардың да қаржысы білім саласындағы технологияларды дамытуға бағытталды. Сондықтан пандемия білім беру саласындағы технологиялардың дамуына импульс берді десек қателейспейміз.

Елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Білім және ғылым министрлігі бірқатар маңызды жұмыстар жасағанын айтып өткен дұрыс. Республикамызда мұғалімдердің цифрлы сауаттылық бойынша білімдерін кеңейту және арнайы оқыту курстарынан өтуі жолға қойылған. Бұл мәселе бойынша «Өрлеу» АҚ филиалдары мен Назарбаев Зияткерлік мектептері базасында  мектептердің информатика пәнінің мұғалімдеріне дәрістер тұрақты ұйымдастырылады. Бұл курстарда ұстаздар білім саласындағы соңғы жаңалықтармен, технологиялармен танысып, біліктілігін арттырады. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бірнеше салаға серпін бергенін айтып өткен жөн.

Заман ағымы бір орында тұрмайды, әрқашан өзгеріп, жаңарып отырады. Онымен бірге адамдардың тұрмыс‑тіршілігі мен қажеттіліктері де өзгереді. Жаңа қажеттіліктерге сай мамандар даярлау үшін білім жүйесі де трансформацияланып, уақыт ағымына ілесіп отырады. Осы жағдайда білім беру технологияларының, форматтарының уақыт өткен сайын жаңарып, жаңғыруы қалыпты құбылыс. Бүгін өзекті болған кейбір құралдар мен нормалар, ертең маңыздылығын жояды. Мысалы, бүгін біртіндеп дамып келе жатқан виртуалды шындықтың білім беру жүйесіне енуі, басқа шарттарды талап етеді. Осындай өзгермелі әлемде мемлекеттегі білім саласына жауапты шешім қабылдаушылардың міндеті өзектілігі артып келе жатқан технологияларды ерте аңғарып, оны басқалардан бір саты бұрын енгізе білу. Бұл азаматтардың да, мемлекеттің де бәсекелік қабілетін күшейтеді.

Жалпы, заман талабына сай, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін білім беру жүйесін цифрландыру өте өзекті деген тұжырым жасауға болады. Сол себепті әлемнің көптеген елдері арнайы бағдарламалар қабылдап, заманауи технологиялардың білім саласында қолданылуын кеңейтуге ұмтылып отыр. Қазақстан да бұл салада жағымды өзгерістердің жүргізіліп жатқандығы, мемлекеттік қолдау мен инвестицияның жоғарылығы, еліміздің осы бағытта әлемнің кез келген елімен бөлісе аларлық тәжірибесі барлығы анықталды. Бұдан отандық білім жүйесі заманауи технологияларды меңгерген, сапалы кадрлар даярлауға қабілетті деген ой түйіндеуге болады. 

Ntime.kz