Шымкентте «Бір өңір – бір бағыт» принципі негізінде өтіп жатқан Тамыз кеңесі аясында «Білім саласындағы цифрлық технология» тақырыбындағы іс-шара екінші күн жалғасуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, білім саласындағы өзекті 20-тақырыптық бағытта еліміздің әрбір өңірінде республикалық тамыз кеңесін өткізу жоспарланған болатын. Бүгін жаңа оқу жылы қарасаңындағы дәстүрлі жиынға қала әкімі М.Әйтенов қатысты.
Секциялық отырыста саланың дамуына ықпал ететін республика көлеміндегі 30-дан астам үздік авторлық жобалардың шеруі мен баяндамалар талқыланды. Жиынға республикамыздың барлық өңірлерінен келген қонақтар, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдары, ата-аналар қоғамдастықтарының өкілдері, мемлекеттік органдар мен жоғарғы оқу орындарының ректорлары мен ғалымдары және қаламыздың үздік педагогтары қатысуда.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен оқу жылының қорытындысын саралап, жаңа оқу жылына қойылатын міндеттерді айқындап берді. Осы ретте білім беру саласын цифрландыру бағытында Президент тапсырған міндеттемелер аясында атқарылып жатқан жұмыстар барысын Оқу-ағарту Вице-министрі А. Ілиясов баяндады. Сондай-ақ келелі басқосуда цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қ. Төлеушин мектептердегі интернеттің жылдамдығын арттыру, компьютерлік техникамен қамтамасыз ету, адами капиталды дамыту бағытына тоқталды.
Жалпы бүгінде елімізде цифрландыру процесі қарқынды жүріп жатыр, бұл қазіргі кезде жаһандық трендке айналды. Бүгінде білім алушылардың цифрлық ақпараттық технологияларды білім беру платформаларынан, планшеттерден меңгеруі заман талабы болып отыр. Жалпы, цифрландыру жүйесінің басты мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, ашықтықты, жариялылықты қамтамасыз ету болып табылады. Бүгінде автоматтандырылған жүйелер мегаполисте білім сапасын арттырып, саланы жаңа деңгейге көтеруде септігін тигізуде.
Бүгінгі жиында саладағы жетістіктер мен жаңашылдықтар ғана емес, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берудегі өзекті мәселелер, шешімін таппаған проблемалар талқыланды. Еліміздің әр өңірінен келген білікті мамандар білім беруді цифрландыру бағытындағы үздік тәжірибелерімен, еңбектерімен бөлісіп, түрлі бағыттардағы түйіткілді мәселелерді оңтайлы шешу тетіктерін қарастырды. Онымен қоса жаңа оқу жылына дайындық барысы пысықталып, озық бағдарламаларды жүйелі жүзеге асыру жолдары талқыланды.