«Жайлы мектеп» білімді ұлт кепілі

БІЛІМДІ ҰЛТ

Ел Президентінің тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданған еді. Жалпы бұған дейін де елде білім саласында өзекті мәселелерді шешу үшін бірнеше бағдарлама жүзеге асты. Дегенмен аты да, заты да бөлек, бұл жобадан көптің күтері көп. Себебі бұл жай мектеп емес, оқушыға да, мұғалімге де, жалпы ұлт болашағын тәрбиелеу үшін уақыт талабына сай салынатын жаңа да жайлы мектептердің үлгісі болмақ. Жалпы жобаның мақсаты қандай дегенге келсек, әрине, ең алдымен елімізде мектептердегі орын тапшылығын шешу мақсаты көзделгені белгілі.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Данабек Исабеков Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында «Жаңа Тұрлан» шағын ауданында, Жайлы мектеп жобасы аясында салынып жатқан мектеп құрылысымен танысты. Мәжіліс депутаты кездесу барысында партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жергілікті жерлерде іске асыру сапасын талдауға ерекше көңіл бөлуде. Сондай-ақ, халықтың ерекше мұқтаждыққа ие білім саласы да басты назарда екенін айтты. Бағдарламада әлеуметтік салаға баса мән берілген.

Білім басқармасы басшысының берген мәліметінше, қазірдің өзінде 900 бала №55-ші мектептен ауысқалы отыр екен. 1-ші сыныпқа қабылданатын оқушылар тағы бар. 1200 орынға арналған мектеп ғимараты жоспар бойынша жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Осы орайда, халық қалаулылары жайлы мектеп халыққа жайлы болуы керектігін, шапағатын халық көріп, сезіну керектігін нақтылады.

Бұл жаңалық жергілікті тұрғындарды қуантты. Жалпы 670-тен астам отбасы тұратын шағын ауданда мектеп жасындағы бала көп. Балалар 3 шақырым қашықтықтағы мектептерге қатынап оқиды. Сондықтан салынып жатқан мектеп тұрғындар үшін өте маңызды.

Бүгінде мегаполисте 18 жайлы мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 12 мектептің құрылысы биыл бітеді деп күтілуде. Нысандардың басым бөлігінде бетон жұмыстары аяқталып, мектептердің қаңқасы тұрғызылған. Қазір ішін әрлеу, сыртқы қасбетін қаптау жұмыстары жүргізіліп, инженерлік желілерді тарту мен ауланы абаттандыру істері де қолға алынған. Осы жылдың 1-ші қыркүйегіне 9 нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Қалған мектептер желтоқсан айында халық игілігіне тапсырылады. Бұл 17300 оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді. Осылайша мегаполистегі мектеп тапшылығы едәуір азаяды. Аталған мақсатқа жету үшін жайлы мектептердің құрылыс алаңында жұмыс екі ауысымда қарқынды жүргізілуде.



Be the first to comment on "«Жайлы мектеп» білімді ұлт кепілі"

Leave a comment

Your email address will not be published.


*