Автокөліктерге сұйытылған газ құю бекеттерінде тұрмыстық газ баллондарға газ құюға тыйым салынады. Сұйытылған көмірсутекті газды сақтауға арналған резервуарларда оның геометриялық көлемінің 85%-ға дейін толтырылуы тиіс. Бұл жөнінде ҚР ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Ерғали Мырзахметов облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында мәлімдеді.
Түркістан қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Фурхат Жолдасовтың айтуынша, газ құю бекеттері қауіпсіздік шарасын қатаң сақтауы қажет. Өйткені газ қондырғыларын дұрыс пайдаланбау, ақауы бар газ жүйелерін пайдалану салдарынан газ иісінен улану фактілері орын алуда.
«Жалпы соңғы 5 жыл ішінде Түркістан қаласы аумағында автогаз және автожанармай құю бекеттерінде өрт, жарылыс жағдайлары орын алмаған. Дегенмен автогаз құю бекеттерінде тұтынушыларға тұрмыстық пропан газ баллондарын заңсыз толтыру фактілері орын алуда. Осыған байланысты тұрмыстық газ баллондарын толтыруға жол берілмеуі керек»,- деді Фурхат Әкімжанұлы.
Басқосуға өңірлік кәсіпкерлер палатасы, ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті, Түркістан қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі, Түркістан қалалық бизнесті қолдау және туризм бөлімінің мамандары, Түркістан қаласындағы автогаз құю бекеттерінің иелері мен өкілдері қатысты.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі