Түркістан облысында өнеркәсіптің дамуына басымдық беріледі. Жеке өндіріс және кәсіпорындардың артуына күш салып, индустриалды аймақтарды жаңа кезеңге шығаратын нақты жоспар қажет. Осылай деген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Мақтаарал ауданына жұмыс сапарында «Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібінің өсімін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары сапалы орындалуы тиіс», деді. Бұл бағытта аудан әкіміне бірқатар міндет жүктеп, жұмыс орындарын көбейту бағытындағы жобаларға қолдауды күшейтуді тапсырды.
Облыс басшысы өндіріс орындары мен құрылыс нысандарын аралап, жауапты сала басшыларымен кездесті. Ақалтын елді мекенінде орналасқан ауданның индустриалды аймағының жұмысымен танысты. Мұнда 5 кәсіпорын жұмыс істейді. «Береке ММА» ЖШС-ның мақта өңдеу зауыты, «Қазақстан-Ресей» мақта компаниясының мақта өңдеу зауыты, «Zhanassyl» ЖШС-ның мақта өңдеу зауыты, «El kz» ЖШС-ның асфальт-бетон зауыты, «Soldatos» ЖШС-ның асфальт-бетон зауыты және «Инженерная арена» ЖШС-ның күн электр станциясы іске қосылған. Аталған кәсіпорындарда 300-ге жуық адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Биыл Мақтаарал ауданының индустриалды аймағында «Ырысты Береке» ЖШС-ның асфальт-бетон зауыты және «Мырзашөл құс» ЖШС-ның құс шаруашылығы фабрикасы іске қосылатын болады. Облыс әкімі индустриалды аймақтың әлеуетін тиімді пайдалану, кәсіпорындарды көбейту жұмыстарын жандандыру жөнінде тапсырма берді.
– Облысымыздың басым бағыты – өндіріс және жұмыс орындарын ашу. Жаңа кәсіпорын ашамын, халықты жұмыспен қамтимын дейтін азаматтарға қолдау көрсетіледі. Аудан әкімдігі іскер, белсенді, нақты жобасы бар азаматтарға жағдай жасап, кәсібін ашуына көмектесуі тиіс. Мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар лайықты адамдарға берілсе ғана өндіріс көлемі артады. Индустриалды аймақтың әлеуетін толық пайдалануды тапсырамын. Өзбекстанмен шекаралас жатқан Оңтүстік аудандардың дамуы, мұнда кәсіпорындардың ашылуы бақылауда болады. Бұл аймақтардың әлеуеті жоғары, – деді өңір басшысы.
Д.Сатыбалды 2022 жылы іске қосылған «Zhanassyl» ЖШС-ның мақта өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Мұнда 150 адам жұмыспен қамтылған. Жобаның қуаттылығы – жылына 65 мың тонна. Одан кейін Мақтаарал ауылдық округі, Көкарал елдімекенінде орналасқан «Tulpar-May» ЖШС-ның май шығару зауытында болды. Қазақстан мен Түркия елдері бірлесіп ашқан «Tulpar-May» ЖШС жылына 2,9 мың тонна мақта майын, 14 мың тонна шрот өндіреді. Жалпы инвестиция көлемі – 2,1 миллиард теңге. Зауытта 48 адам жұмыс істейді. Жылына 10 мың тонна мақта өңдеуге қауқарлы.
Облыс басшысы Мақтаарал ауданында орналасқан «Атамекен» кедендік бекеті мен «Сырдария» бақылау-өткізу пунктінің жұмысын, жай-күйін көрді. Сонымен қатар Жаңажол ауылдық округі, Нұрлыжол ауылында орналасқан 200 орынға арналған «Нұрлы жол» мектебінің құрылысын бақылады. Бұл білім ұясының құрылысы да қатаң бақылауға алынған. Құрылыс материалдарының күрт қымбаттауы мен өзге де себептерді желеу еткен мердігерлер облыс бойынша 10-нан астам мектептің құрылысын тоқтатқан. Өңір басшысы жауаптыларға қажетті қаражатты қарастырып, құрылысты жандандыру жөнінде тапсырма берді. Тапсырыс беруші мен мердігердің келісімшартта көрсетілген міндеттерін орындауы тұрақты қадағаланады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
__