Көбінесе, әйелдер мен балалар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары болып табылады. Отбасы – бұл қоғамның бір бөлшегі. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі – моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Осыған сәйкес, әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық жұмыстар жасалуда.
Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы «№3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында» дөңгелек үстел өтті.
Акцияның негізгі мақсаты — қоғам назарын екі шұғыл проблемаға аудару: тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасының алдын-алу және оған қарсы іс-қимыл, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық бірлестіктердің адам құқықтарын қорғау бойынша күш-жігерді біріктіру қызметін жандандыру.
Дөңгелек үстелге Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау ауданы әкімшілігінің қызметкерлері мен полиция басқармасының «Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау» тобының инспекторлары, «Сана-сезім» әйелдер басқармасының құқықтық орталығы қоғамдық бірлестігінің өкілі Балнұр Сүгіралиева, «Ана үйі» қоғамдық бірлестігінің координаторы Қалдар Жұмабаева, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблея жанындағы медиация кеңесінің төрайымы Лаура Ақшегірова, №78 жалпы орта мектебінің психолог маманы Жанат Мамадиярова және «Bilim Land» мектебінің мамандары қатысты.
“Зорлық-зомбылықсыз 16 күн” акциясын өткізу кезеңінде заманауи инновациялар мен кәсіби біліммен, практикалық тәжірибемен алмасу арқылы қоғамның назарын зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимыл шараларын жүргізу қажеттілігіне аудару қажет, өзінің лауазымдық және қоғамдық өкілеттіктері шеңберінде үнемі әлеуметтік қорғауға мұқтаж адамдарға нақты көмек пен қолдау көрсету қажет”, – деп атап өтті жиынға қатысушылар.