Елеулі қызмет атқарып жүргендер «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен марапатталды

Елеулі қызмет атқарып жүргендер

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен Түркістан қаласында Әдеп жөніндегі уәкілдердің республикалық форумы ұйымдастырылды.

Форумға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Парламент сенатының депутаты,Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп, МҚІА жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы Бибігүл Ағыбаева, орталық және жергілікті атқарушы органдардың әдеп жөніндегі уәкілдері, мемлекеттік қызметшілер және мемлекеттік қызмет ардагерлері қатысты.

Форумның мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарын және Әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін жетілдіру мәселелерін талқылау.

Іс-шараның ашылуында МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай биылғы форумның Түркістан жерінде өтуінің өзіндік символдық мазмұны бар екеніне тоқталды. Себебі Мемлекет басшысы осы киелі мекенде өткен Ұлттық құрылтайда «Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады» деген болатын. Мемлекеттік қызметшілердің тұлғалық болмысын Адал азамат идеалдарына сай ілгерілету Агенттіктің үнемі назарында.

Мерейлі басқосуда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметтің дамуына үлес қосып, ерекше және елеулі қызмет атқарып, өз қызметтерінде айрықша сіңірген еңбектері үшін біршама қызметшілерге құрмет көрсетті.

Марапатталушылардың бірі — Сайрам Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Гарифулин Асхат Газаирович «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен марапатталды.

Гарифулин Асхат Газаирович, 1961 жылы 12 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Ақсукент ауылында дүниеге келген.

Еңбек жолын 1979 жылы «Манкент» жиһаз қоғамында станокшы қызметінен бастап, 1995 жылдан бүгінгі күнге дейін 29 жылдан аса еңбек өтілімен әлеуметтік салада қызмет атқаруда.

Халыққа қызмет көрсетудің ең қажетті де қашанда өзекті саласын дамыту мен жетілдіру барысында еңбек етіп, байыптылығы мен іскерлігі, кәсіби шеберлігі мен жоғары біліктілігін ұштастыра отырып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін алғысымызды білдіреміз.