Қала прокуратурасының үйлестіруімен Полиция департаменті мен жергілікті атқару органдары қоғамда кез келген құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған жұмыс жүргізуде.
Негізгі міндет – қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтарды анықтау мен жолын кесу тиімділігін арттыру, оның ішінде жалпы пайдалану орындарын ластау, бөтеннің мүлкін жою, бүлдіру, ұсақ бұзақылық және т.б.
Көп жағдайда мұндай әрекеттерді азаматтар қасақана жасайды. Бұл ретте әрбір азамат кез келген құқық бұзушылық жасағаны үшін заңнамада белгіленген жауапкершілік көзделгенін білуге тиіс.
Елорда аумағында өткен айдың өзінде қоғамдық орындардағы жалпы пайдалану орындарын ластау, ғимараттарды, тұрғын үй-жайларды қорлау, бөтеннің мүлкін бүлдіру түріндегі құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке 2000-ға жуық азамат 12 млн. теңгеден астам айыппұл жазасына тартылды.
Мысалы, ағымдағы жылдың 12 қыркүйегінде қала тұрғынына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 147-1 бабы бойынша дәріхананың терезесіне қасақана зақым келтіргені үшін 20 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Бұл жұмыс тұрақты негізде жалғастырылатын болады.