Қала жастары есірткіге қарсы акцияға қатысты

есірткіге

Бүгінгі күні нашақорлық — бір адамның ғана басындағы емес, бүкіл қоғамның қасіреті болып отыр. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретінін атап өтті. Есірткісіз қоғам құру – Қазақстанның әрбір азаматының алдындағы міндет.

Есірткі сатумен айналысатын топтар жарнама құралы ретінде әлеуметтік желіні, граффити суреттерді жиі қолданатыны мәлім. Кез келген әлеуметтік желіде жастар мен жасөспірімдер белсенді екенін ескерсек, мұндай жарнама атаулының ел болашағына айтарлықтай қауіп төндіретінін айқын сезінеміз.

Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының тапсырмасына сәйкес, күнделікті қала аумағында есірткі, психотроптық заттар мен сол тектестер заңсыз насихатталған және жарнамаланған орындарды анықтап, оларды жою бойынша жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Қабылданған шаралар нәтижесінде, осы жылы 8 айда полиция қызметкерлері 5 мыңнан астам есірткі жазбаларын анықтап, олардың көзін жойды.

Сондай-ақ, жергілікті тұрғындарды есірткімен байланысты кез-келген заңсыз әрекеттердің куәісі болған жағдайда бірден полицияның «102» арнасына хабарлауға шақырды.

Есірткі заттарын насихаттағаны және жарнамаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз. Есірткі қылмысына қарсы күрес жұмыстары басты назарда.

Сонымен қатар «Есірткіге жол жоқ!» акциясы аясында Полиция департаменті мен Жастар ресурстық орталығы бірлесе отырып, Әл-Фараби ауданына қарасты аумақта есірткі жарнамаларын өшіру бойынша рейд ұйымдастырды.

Аталған іс-шараға қаланың белсенді жастары да қатысты. Рейд барысында жасөспірімдер мен жастар есірткіге қарсы күреске өз үлестерін қосып, қала аумағындағы заңсыз 500-ге жуық жарнамаларды жоюға бағытталған жұмыстарды жүргізді.

Бұл акция жастар арасында есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыруға және қоғамды зиянды әдеттерден қорғауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.