Түркістандық ерекше жандар да  спорттан ешкімге есе жібермейді

ешкімге

Түркістан қаласында ерекше қажеттілігі бар жандар арасында спорт түрлерінен ашық біріншілік өтті. Спорт шарасына 80-ге жуық азамат қатысып, дойбы, тоғызқұмалақ, шахмат пен қол күресінен сайысқа түсті. Шараның мақсаты – ерекше қажеттілігі бар азаматтарды спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстанып, қоғамдық белсенді өмір сүруге тарту.

Жиында сөз алған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев спорт сайысына қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі.

– Баршаңызды еліміздің Ата заңы – Конституция күнімен құттықтаймын! Айтулы мереке қарсаңында ұйымдастырылған бұл сайыс – әр спортшының өз шеберлігін көрсетуге мүмкіндік береді. Сіздердің жарысқа қатысуға үлкен белсенділік танытып отырғандарыңызға өте қуаныштымын. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді Қадырболат Қабдырұлы.

Жарыс қорытындысында командалық есепте Орталық командасы 1-орынды иеленсе, 2-орынды Түркістан командасы, 3-орынды Батыс командасы еншіледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер түрлі марапаттарға ие болды.

Ресми деректерге сенсек бүгінде Қазақстанда 700 мыңға тарта мүмкіндігі шектеулі тұрғын бар. Олардың ішінде нарық заңдылықтарына қабілетті, қоғамның дамуына ықпал ете алатындарының саны мол. Атап айтқанда 58 пайызы еңбекке қабілетті. Демек, мүмкіндігі шектеулі жандар өз ерекшеліктеріне қарамастан Қазақстан қоғамының дамуына бір кісідей ат салыса алады. Бұл бағытта елімізде бірқатар тиімді бағдарламалар да жоқ емес.  Қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуетін арттырып, әлеуметтік статусын айқындау қашан да маңызды. Өйткені олардың басым бөлігінің ел дамуына қосар өзіндік үлесі бар. Шара соңында ұйымдастырушылар аталған жобаның жүйелі түрде өткізілетінін айтты. Жалпы, Түркістанның атын асқақтатып жүрген ерекше қажеттілігі бар азаматтардың жеңістері жетерлік. Атап айтқанда, ҚР чемпионатында түркістандық Елдос Жәнібек пара таеквондодан 2-орын, Фарида Гаюпова пауэлифтингтен 1-орын, дойбыдан Берік Тұрманов 1-орын, дәл сол бәйгеде түркістандық Қуанышбек Жумадуллаев шахматтан 2-орын, дойбыдан Зарина Мықтыбай 2-орынды иеленген болатын.

Одан бөлек, Сүйеніш Еркінов ҚР Паралимпиада ойындарында дзюдодан 3-орынды иемденді. Сондай-ақ, Азия чемпионатында Оңалбек Бағланбек дзюдодан 1-орын, Қуандық Шадияр сурдо дзюдодан 1-орынды жеңіп алған болатын.