Еңбек – қоғамның жүрегі

еңбек

Қыркүйектің соңғы жексенбісі – елімізде еңбек адамдарына арналған ерекше мереке – Еңбек күні. Бұл күн – өз ісіне адал, маңдай терімен қоғам игілігіне үлес қосып жүрген қарапайым жандардың еңбегін дәріптейтін мерейлі мейрам.

Қаратау ауданында да күн сайын таңды еңбектен бастайтын азаматтар аз емес. Таңғы самалмен бірге қала көшелерін тазартуға кірісетін тазалықшы апайларымыз, ауыр техниканы тізгіндеген жүргізушілер мен механизаторлар, инженерлер мен бақылаушы мамандар – барлығы да қаланың көркі мен тазалығын сақтауда елеулі үлес қосып келеді.

Кейде олардың еңбегі көпшілікке байқалмай қалуы мүмкін. Алайда дәл сол жандардың арқасында көшелеріміз таза, аулаларымыз жарық әрі жайлы күйде. Олар – көзге көрінбейтін, бірақ ең қажет істің нағыз иелері.

Жақында тұрғындармен кездесу барысында Нұрсәт шағын ауданының белсенділері өз ауласындағы тазалыққа жауапты қызметкердің адалдығына ризашылық білдіріп, шынайы алғыстарын жеткізді. Мұндай ықылас – еңбектің ешқашан зая кетпейтінінің дәлелі.

Бүгінде Қаратау ауданы аумағында 400-ден астам тазалық қызметкері күні-түні жұмыс істеп, арнайы техникалардың көмегімен тәулігіне 50 тоннадан астам тұрмыстық қалдықты шығарып, қаланың тазалығын қамтамасыз етуде. Бұл – зор еңбек, әрі қала өмірі үшін орасан маңызға ие жұмыс.

Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев өз сөзінде еңбек адамдарына құрмет білдіріп:

«Біздің қаламыздың көркеюі – ең алдымен адал еңбек етіп жүрген азаматтардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Еңбек – қоғамның жүрегі, ал еңбек адамдары – бүгінгі күннің шынайы қаһармандары!» – деді.

Осылайша, Еңбек күні – тек мереке емес, өз ісін сүйіп, қоғам игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген жандарға деген құрмет пен алғыс күні.

Қаратау ауданы әкімдігі барша еңбек адамдарын мерекемен құттықтап, зор денсаулық, отбасылық амандық және еңбекте табыс тілейді.

Өйткені еңбек бар жерде – береке бар!