10-қазан – Кәсіподақтар күні мен 7-қазан – Дүниежүзілік лайықты еңбек үшін іс-қимыл күніне орай Түркістан қаласында маңызды кездесу өтті. «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев, құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Абдурайра Манахов және Түркістан қаласының “Құрылыс кешені және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бектас Шірікбаев кәсіподақ мүшелерімен кездесу өткізді.
Кездесудің мақсаты – еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, жұмыс орындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбек жағдайларын жақсарту мәселелеріне назар аудару.
Кездесуде Айдар Бахтыбаев 7-қазан Дүниежүзілік лайықты еңбек үшін іс-қимыл күніне орай еңбек құқықтарының сақталуы, жұмыс орындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және теңсіздікпен күрес сияқты мәселелерді көтерді. Ол кәсіподақ мүшелеріне “Бұл бастаманың басты мақсаты елімізде лайықты еңбекті қолдау болып табылады” деп атап өтті. Осы орайда, кәсіподақтардың рөлі мен маңыздылығы туралы да баяндама жасады.
Сөз алған Абдурайра Манахов, кәсіподақтардың еңбек нарығындағы маңызын және жұмыскерлердің құқықтарын қорғаудағы рөлін атап өтті. Ол алдағы Кәсіподақтар күнінің маңызына тоқталып, еңбекқорлығымен танылған бірқатар қызметкерлерге «Елеулі еңбегі үшін», «Үздік қызметкер» төсбелгілері мен Құрмет грамоталарын табыстады. Бұл шара еңбеккерлердің еңбегін бағалауға, кәсіподақтың ролін арттыруға зор үлес қосады.
Кездесу соңында кәсіподақ мүшелері кәсіподақ өкілдеріне ризашылықтарын білдіріп, алдағы жұмыстарында сәттілік тіледі. Түркістан қаласындағы кәсіподақтар ұйымдары жұмыскерлердің мүдделерін қорғау мен еңбек құқықтарын сақтау үшін аянбай еңбек етіп келеді.
Осылайша, Кәсіподақтар күні мен Дүниежүзілік лайықты еңбек үшін іс-қимыл күніне орай өткізілген кездесулер мен шаралар еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауда, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Түркістан қаласында кәсіподақтар ұйымдарының белсенділігі мен жұмысы – қоғамның тұрақтылығы мен дамуында маңызды аспектілердің бірі.