Түркістан қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен әдістемелік басқосу жас мамандардың кәсіби дамуына арналған ерекше шара болды. С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейінде «Сабақты тиімді жоспарлау» тақырыбындағы семинардың негізгі мақсаты – жаңадан жұмысқа қабылданған педагогтарға сабақ құрылымын тиімді ұйымдастыру, сабақ мақсатын анықтау, сондай-ақ тапсырмаларға дескриптор құрудың маңыздылығын түсіндіру.
Семинарды білім бөлімінің математика пәні әдіскері Мария Зейдінқызы Ибраева ашып, бағдарлама мен қатысушылардың міндеттерімен таныстырды. Жас педагогтарға арналып ұйымдастырылған шарада, педагогикалық тәжірибесі мол мамандар өз білімдерімен бөлісіп, тыңдаушыларға практикалық әдістер ұсынды.
Семинар барысында Ө.Жәнібеков атындағы №27 ІТ мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі, қалалық шығармашылық топ мүшесі А.Жанбаева «Сабақтың құрылымы» тақырыбында баяндама жасап, сабақтың құрылымдық элементтері мен оның маңызды тұстарына тоқталды. Ол сабақтың құрылымын меңгерудің оқушының білім алуына оң әсер ететіндігін атап өтті.
Ж.Ташенов атындағы №23 ІТ мектеп-лицейінің математика пәні бірлестік жетекшісі Г.Казакбаева «Сабақты тиімді жоспарлау» тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісті. Оның баяндамасында жоспарлау барысында қолданылатын заманауи әдіс-тәсілдер мен сабақтың әр кезеңінде назар аударатын аспектілері қамтылды. Г.Казакбаева педагогтерге оқытудағы тиімділікті арттыру үшін сабақ жоспарларын қалай дұрыс әзірлеу керектігін егжей-тегжейлі түсіндірді.
С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі, облыстық және қалалық математика пәні мұғалімдері шығармашылық тобының төрағасы Н.Нурлыбаев «Сабақ жоспарын құруда тапсырмаларға дескриптор құру» тақырыбында ой қозғап, дескрипторлардың сабақтағы рөлі мен маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, дескрипторлар оқушылардың тапсырмаларды орындау деңгейін объективті бағалауға мүмкіндік береді, бұл педагогтарға өз оқушыларының білімін тиімді бақылауға көмектеседі.
Семинар соңында қатысушылар алған білімдері мен дағдыларын мектептерінде практикада қолдануға ұмтылатындарын білдірді. Жас мамандар сабақтарды жоғары деңгейде өткізу, мақсатты анықтау және тапсырмаларды бағалау сияқты маңызды аспектілерді меңгергендерін атап өтті. Олар бұл семинарлардың білім беру жүйесіндегі мұндай тәжірибелік кездесулердің маңыздылығын атап, алдағы уақытта осындай шаралардың жиі ұйымдастырылуын сұрады.
Түркістан қаласында білім беру саласындағы жаңашылдықтарды енгізу мен педагогтардың кәсіби өсуін қолдау бағытындағы шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Жас мамандар үшін мұндай әдістемелік басқосулар – өзара тәжірибе алмасу, білімдерін жетілдіру және кәсіби шеберліктерін арттыруда аса маңызды рөл атқарады.