Нашақорлық — бұл маңызды психикалық және физикалық бұзылу, ол адамның психотроптық заттарға тәуелділігі мен теріс пайдалануынан тұрады.
Шымкент ҚПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында Орталық Азия Инновациялық университеті студенттерімен кездесу өткізді.
Мақсаты — есірткі қылмысына қарсы іс-қимылды жүргізу және жастар арасында синтетикалық есірткілердің таралуының, пайдаланудың алдын алу.
Басқосуға Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі полиция подполковнигі Нұрлан Сембаев, ШЖҚ Психикалық денсаулық орталығының нарколог психиатр дәрігері Қарлығаш Қорғанбаева, ЖИТС-тің алдын алу және оған күрес жөніндегі орталығының маманы Назира Жүргенбаева, Серғали-Түркістан РҚБ, жоба үйлестірушісі Ержан Әбуталиев, Шымкент қаласының №3 жоғары спорт шеберлігі спорт мектебінің жаттықтырушысы Ерлан Нұрбаев, ҚР екі дүркін чемпионы Бексұлтан Альжанов қатысты.
Кездесуде жастар арасындағы нашақорлықтың әлеуметтік алдын алудың өзекті теориялық және қолданбалы мәселелері айтылды. Қазақстан жастарының өмір сүру салты, еліміздегі нашақорлық деңгейі, статистикалық көрсеткіштері талқыланады. Сонымен қатар бұл жұмыста нашақорлық және жасөспірімдер қылмысы проблемасы, кәмелетке толмағандардың есірткіге құмарлығын қалыптастыруға ықпал ететін факторлар жайлы айтылды. Сөз соңында сала маманы жастарды жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытын тиімді істермен айналысуға шақырды. Ал спортшы чемпиондар жастарды спортпен айналысуға шақырды. Жастар тарапынан сұрақтарын қойып, өзара еркін пікір алмасты.
Науқан аясында ЖИТС орталығының қызметкерлері жастарды өз еркімен АИТВ-жұқпасына жедел-тест арқылы тексеріп, тестіге дейін және тестіден кейін кеңес берді.
Ntime.kz