Есірткісіз қоғам құру – Қазақстанның әрбір азаматының алдындағы міндет. Халықаралық тәжірибе бүгінгі күні есірткімен күресуде қылмыстық шараларды қатаң қолдануды талап етеді. Бүгінгі күні біздің елімізде осы есірткі мәселесі жайлы толғанбайтын адам қалмаған болар. Әсіресе, қазіргі кезде жастар мен жеткіншектер арасындағы есірткі мәселесі аса күрделі мәселе болып отыр.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1-қыркүйектегі Қазақстан Халқына жолдауында синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіріп отырғанын, уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастағанын, соған байланысты синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуі тиіс екендігін атап көрсетіп, нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресу жұмыстарын жандандыру тапсырылған.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері мен Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жастар арасында нашақорлықтың және АИТВ/ЖИТС–тің алдын алу бағытында кездесу өтті. Аталған іс-шараның мақсаты — АИТВ/ЖИТС–тің және нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын ұстанып жастарды спортқа баулу.
Басқосуға Шымкент қаласы Полиция департаменті тарапынан Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков, Серғали-Түркістан РҚБ жоба үйлестірушісі Ержан Әбуталиев, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының» алдын алу бөлімінің мұғалімі Назира Жургенбаева, ШЖҚ Психикалық денсаулық орталығының нарколог дәрігері Меруерт Одаман, Шымкент қаласы №3 жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшысы, әлем чемпионатының финалисті Мерей Зият, Шымкент қаласы №3 жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушысы Абзал Ахатаев, Жастар ресурстық орталығының маманы Айжарқын Қалмурзаева және Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттері қатысты.
Кездесу барысында ЖИТС орталығының қызметкері кәмелетке толмағандар жастар арасында нашақорлық, АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу мәселелері жайында толыққанды мағлұмат берді. Сонымен қатар, сала мамандары жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Шара барысында сала мамандары нашақорлық індеті жер бетінде миллиондаған адамның өмірін жалмап жатқанын және аталған індеттің шекараны, жасты, нәсілді талғамайтынына тоқталды. Есірткіден бойды аулақ салудың маңызын, салауатты өмір сүру салтын ұстанудың маңызды екендігін жеткізді.