Полиция қызметкерлері күнделікті тұрғындар тыныштығы және балалар мен кәмелетке толмаған жасөспірімдердің беймезгіл уақытта үй-жайдан тыс жүруі және жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында сан алуан жұмыстар атқарады. Осы тұрғыда Түркістан қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері рейдтік шараларды жиі ұйымдастырып, тыныштық сақтауда белсенді жұмыстар жүргізуде.
Кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің беймезгіл уақытта көңіл көтеретін орындарда, ойын ойынайтын жерлерде сайран салып жүретіндері жасырын емес.
Осыны негізге алған Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлері мен Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері және қалалық «Адами әлеуетті дамыту» бөлімінің мамандары бірлесе отырып түнгі рейдтік іс-шара өткізді.
Дәстүрге айналған кезекті шара барысында ойын-сауық орталықтарында кәмелетке толмаған балалардың болмауын тағы бір тексеріп шықты.
Сондай-ақ, интернет клубтар түнгі мезгілде жасы 18-ге толмаған жасөспірімді кіргізбеуі керек. Ал, дәмханаларда жасөспірімдер ата-ананың қарауынсыз болмағаны абзал. Осы мәселелер кәсіпкерлік нысандарының иелеріне де ескертілді. Мұндай рейдтік шаралар Түркістанда тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Сондай-ақ, алдағы уақыттарда да өз жалғасын табады.
Еске сала кетейік, қыркүйек айындағы рейд жұмыстары кезінде ішкі істер органына 25 жасөспірім жеткізілген еді. Олардың ата-аналарына- Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 442-бабымен (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы), кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол берген ойынхана иелеріне Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 132-бабы бойынша хаттамалар толтырылып, айыппұл салынған болатын.
Айта кетейік, Түркістандық полицейлер қала тұрғындары мен қонақтарына кәмелет жасына жетпеген балаларын қараусыз қалдырмауды, бала тәрбиесімен тұрақты түрде айналысуды ескертеді.
Ntime.kz