«Жауқазын» республикалық өнерлі балалар байқауында сайрамдық өнерпаздар топ жарды

Жауқазын

Шымкент қаласында «Жауқазын» республикалық өнерлі балалар байқауының «Жұлдызың жарқырасын, жас талант!» тақырыбында кезекті сайысы өтті.

Аталған сайысқа ауданның білім бөліміне қарасты №41 М.Оразалиев атындағы жалпы білім беретін мектебінің білім алушылары жақсы дайындығын көрсетіп, жоғары орыннан көрінді. Бақ сынауға келген оқушылар ұлттық аспаптарды жетік меңгеріп, халық арасында кең таралған күйлерді шебер орындады.

Дүбірлі додада сайрамдықтар топ жарып, таланттарымен көрермендерін өздеріне тәнті етті.

Өнер додасында «Айгөлек» өнер мектебінен «Вокал» жанры бойынша 3-сынып оқушысы Жарқынбек Адия 1-орынға ие болды.

Аталған өнер мектебінің домбыра үйірмесінен сабақ алып жүрген 4 сынып оқушысы Көшкінбай Ернұр, 6 сынып оқушысы Сәттібек Санжар, 8 сынып оқушылары Күміс Балауса және Қожамжар Дина «Адай» күйін кезектесе орындап, бас жүлдеге қол жеткізді.

Ал, «Ансамбль» жанры бойынша 6 сынып оқушылары Қорғанбай Мөлдір мен Жұмабек Жансая «Ерке сылқым» күйін тартып, 1-орынды еншіледі.

Осындай жетістіктерге жетелеген жетекшілері Азатова Айгүл және Ермаханұлы Жармаханның елеулі еңбектері бар.

Шара соңында барлық жас өнерпаз дипломдармен марапатталып, Түркия елінде Ыстанбұл қаласында және Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Дубай қаласында өтетін «Ipek yolu » халықаралық балалар фестиваліне қатысуға жолдама сертификаттарын алды.

Алдағы уақытта жүлдегерлеріміз ұлттық өнерді өзге елдерге танытатын болады.

Талантты балаларды анықтап, шығармашылық қолдауға, мәдениеттілік пен эстетикаға, сондай-ақ патриоттықтыққа тәрбиелеуге бағытталған іс-шара болды.

Жас өнерпаздарға алғыс айта отырып, өнердегі өрендері өсе берсін деген тілек білдіреміз!

Дарындылығымен дараланған оқушыларымызға сәттілік тілейміз! Әрдайым жеңіс тұғырынан көрініп, ауданның абыройын асқақтата берсін!