«Жастар – біздің болашағымыздың негізі – өз болашағын құрудың жаңа мүмкіндіктеріне қол жеткізеді», «Жастар – қоғамымыздың жүрек дүрсілі», «Ұлттың бүгіні мен келешегі – білімді жастардың қолында» деген ой-пікірлерді естіп те, айтып та жүрміз. Сондықтан, бүгінгі жастар бейнесі мен болашақ жастар бейнесі мені көп толғандырады. Ертеңді болжау үшін алдымен бүгінгі күнге мән беру керек. Қазіргі жастар немен айналысады? Қазіргі заманауи жастар қандай болу керек?. Өйткені бұл сұрақтар болашақпен тікелей байланысты. Менің пікірімше өзімізде барды бағалай алуымыз, өзімізде жоқты жамай алуымыз қажет.
Халқымыздың «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген ұлағатты сөзін қазіргі жастар білімнің шыңына шығуға баға жетпес үлкен рухани қару екендігін жете ұғынса, қаперінде ұстаса, болашағы жарқын болары сөзсіз ғой. Әрбір жас қоғамда өз орнына ие болу үшін кез келген қоғамдық мәселеге бейжай қарамауы тиіс.
Елі мақтан тұтарлық жастарымыз баршылық, бұл орайда жастарымыздың көптеген жетістіктері қуантады. Бүгінгі жастар – ертеңгі кәсіби білікті маман, болашақ отбасының тірегі. «Бүгінгі жастар немен айналысады?» деген сұраққа нақты жауап берер болсақ, қазіргі дамыған заманда мамандықтың түрлері өте көп. «Мамандықтың бәрі жақсы, қалауыңша таңдап ал» демекші, мамандық таңдау адам өмірінде үлкен рөл атқарады. Бәсекеге қабілетті – кәсіби мамандықтармен айналысып, жаппай еңбктеніп жүрген жастарымыз қаншама. Сондықтан жастарды болашақта кім боламын? Немен айналысамын? деген сұрақтар толғандыруы қалыпты да қажетті жағдай.
Мақсаттарын анықтай алмайтын көптеген жастар да кездесіп жатады. Ондай жастар өздері таңдау жасай алмай, ата-аналарының кеңестерін тыңдап, беделді мамандықтарға оқуға кетеді. Содан кейін, 3 немесе 4 курста өздерінің дұрыс емес жерде екенін түсінеді. Ата-аналарға университеттен шығуға тыйым салынады, сондықтан қызығушылық жоқ мамандық бойынша оқуды аяқтау керек. Оқуды бітіргеннен кейін ондай адамдарға не істеу керек екені түсініксіз.
«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген ата-баба сөзінің жаны бар. Қандай жағдай болмасын жаман қылық, жоқшылық әрқашанда ең бірінші көзге түседі. Сондықтан осы орайда қазіргі қоғамдағы көзбен көріп, құлақпен естіп отырған кейбір жастардың болмысы ойландырып, қынжылтады. Қазіргі кезде жастардың өмірлік ұстанымдары тұрақсыз. Өзге ел түгел өз тіліде сөйлей алмайтын, ұлты қазақ орыстілділерді де көріп жатамыз. Салт-дәстүрді сақтамай, нақыл сөздерді жаттамай жүрген жастар да аз емес. Бұған айтпаған қарт кінәлі, құлаққа ілмеген жас кінәлі болғаны ма деп қаласың.
Жастар арасындағы жұмыссыздық ең бір бас ауыртар мәселе. Жұмыссыздық көптеген жат қылыққа апарар қиын мәселе. Ондай мәселелерді шешудің бірден бір жолы еңбекқорлық, болашаққа деген айқын көзқарас. Бірақ өкінішке орай қазіргі көптеген жастардың бойында жалқаулық басым деп ойлаймын. Сол себептен шығар кей жастарда «жеңіл табысқа» ұмтылу, бойларынан озбыр, өзімшіл қасиеттерді де байқап қалып жатамыз. Қазіргі жастар тонау, қылмыс, зорлық-зомбылық, бір-бірін аямай дүние, ақша үшін бір-бірін аяаусыз өлтіріп, қолын былғауға әуестеніп жүргендері де бар. Салауатты өмір салтын сақтамай, денсаулыққа зиян дүниемен де, алкоголь, никотин және есірткімен айналысатындар да жоқ емес. Діни сауатсыздықтың салдарынан әр түрлі діни ағымдар жетегіне ергендерде бар. Қоғамда орын алып жатқан осындай мәселелерге бас ауыртпай-ақ, басқалар не десе мен де солай дейін деп бас изеп, «Күл болмасаң, бүл бол» деген пікірде жүретіндер де баршылық. Сондықтан да қоғамда жемқорлыққа да, әділетсіздікке де жол беріліп жатады.
Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Қашанда халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім ғана» — деп бекер айтпаса керек. Ондағы жазушының айтқан пікірін үнемі қаперімде ұстап, өзіммен теңдей өз замандастармды сол айтылған ойға сай көргім келеді. Анығырақ айтқанда, тарихын терең білетін, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады. Меніңше, бүгінгі жастардың бойынан тұлғалық жетістіктер, қабілет-өнері, рухани интеллектуалдық бәсеке табылып жатса қуантарлық жағдай. Сондай-ақ, бүгінгі жастарда ақпарат мүмкіндіктері бар, олар әлемдегі үдерістерден хабардар. Бүкіл әлеммен қарым-қатынас жасауға мүмкіндігі зор. Еліміздің білім жүйесінде өз елімізде білім алумен қатар шетелде оқу жастарға қол жетімді болып табылады, яғни қайда оқимын, қайда барып білім аламын, тәжірибе жинақтаймын десе де бәрі өзіне байланысты. Қалаған жерде білім алып, қалаған жерде тұра алады. Осы орайда бірнеше тіл білудің өзі – жастар үшін үлкен жетістік. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» қағидасымен өмір сүретін, бірнеше тілді игерген жастар егер жаңа ортаға тап болса, сол ортаның тілінде сөйлей алып, қағидаларын тез үйрене де алады. Міне осындай сәттерде бірнеше тілді игерген жастарға қай жерге барса да есік ашық деуге болады. Себебі тілдің құдіреті күшті, тіл білген адамға қай жағынан алсақ та мүмкіндіктер өте жағары. Қақы тең, өздерінің пікірін еркін білдіре алатын ерікті азамат болып жүре алады.
Жас ұрпақтың басты міндеті — өздері дүниеге келген елдің лайықты азаматтары болу. Жаһандану талабына орай «Өнер-білім бар жұрттардан» үйренуі керек. Рухани азғындалып бара жатқан жан ауыртатын ғасырда өзінің ұлттық мүддесі үшін еңбек ететін, тарихын бағалайтын және болашаққа еш кіршіксіз сенетін рухты жастардың барына сенімім мол. Сондай-ақ, жастардың өз ұлтын сүйіп, отансүйгіш болғаны маңызды. Сонда ғана мемлекетке зор әсерін тигізетін тұлға тәрбиеленетіні сөзсіз.
Қадіржұма Аружан Досымқызы Алматы облысы, Бәйсерке ауылы, №28 мектеп-гимназияның 11 сынып оқушысы