Қаламыздағы «Grand Holiday Hall» салтанат сарайында Абай ауданы әкімінің балаларға арналған жаңажылдық шыршасы өтті. Мерекелік іс-шараға аудандағы көп балалы отбасылардың, мүмкіндігі шектеулі балалар мен аз қамтылған отбасы балалардан 200 бала ата-аналарымен бірге қатысты. Шырша мерекесіне аудан әкімі Бұхарбай Парманов сөз алып, балаларды мерекесімен құттықтады.
— Жаңа жыл бәріміз ерекше күтетін мереке. Ертегі мен қиял әлеміне жетелейді. Сондай мерекені балалардың көтеріңкі көңіл күйі мен сыңғыр күлкісі әсемдей түседі. Сондықтан балалардың жүзінен күлкі кетпесін, денсаулықтары мықты болып, еліміздің туын биікке көтеретін азаматтар бола берсін! Арман –мақсаттарыңа жете беріңдер, — деді Бұхарбай Парманов.
Сонымен қатар аудан әкімі балаларға керемет кешті ұйымдастыруға демеуші болған салтанат сарайының иесі Орынбасар Серікбайұлына өзінің және ата-аналардың атынан алғыс айтты.
Аудан әкімі құттықтау сөзінен кейін балалармен суретке түсіп, әкелген сыйлықтарын таратты. Кеш шыршаның сәні Қарша қыздың сыңғырлаған үнімен жалғасып, ертегілер елі мен мұзды өлкенің кейіпкерлері балаларды өздеріне баурап алды. Балалар би билеп, тақпақ айтып, өнерлерін де ортаға салды. Бүлдіршіндерге осындай көңіл-күй сыйлаған ұйымдастырушыларға ата-аналар да дән риза.
«Шымкент келбеті»
ФОТО Серік ҚОСАЕВ