Жеке инвестиция есебінен салынатын заманауи мектептердің саны артады

Жеке инвестиция

Білім мен ғылым саласын дамытуда ел жастарына үлкен қамқорлықтар мен мол мүмкіндіктер жасалып жатыр. Өйткені, елдің болашағы бүгінгі жастардың қолында. Бәсекеге қабілетті, білімді, кез-келген елмен иық тіресе алатын деңгейге жетулері үшін олардың білім алатын мектептерінің заманауи болуы да үлкен маңызға ие.

Жетісай ауданына арнайы іссапармен келген «KEMELDEN GROUP» ЖШС басшысы Берік Қасымбековты қабылдаған Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов отандық ғылыми-техникалық даму, оқушыларға жаратылыстану-математика пәндері мен ағылшын тілін оқытудың маңыздылығы, ұрпақ мүддесі үшін оқу-ағарту саласының популистік санадан арылып, балалардың мүддесін қорғауға тиіс екендігі, жеке инвестициялар есебінен заманауи мектептердің санын арттыру мәселелерін кеңінен талқылады.

Екіжақты жүргізілген алдын ала келіссөздердің нәтижесінде «KEMELDEN GROUP» ЖШС басшысы Берік Қасымбеков 2025-2026 жылдары аудан аумағынан 1000 оқушыға арналған 2 мектеп салуға, нақтырағы, Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің Қызылтаң елді мекенінен жалпы аумағы 2 га жерге 500 орындық, Қызылқұм ауылдық округінің Қызылқұм елді мекенінен жалпы аумағы 2 га жерге 500 орындық заманауи мектептің құрылысын жүргізетін болды.

Одан бөлек, «OLZHA SMART» ЖШС Жаңа ауыл ауылдық округінің Мырзашөл елді мекенінен жалпы аумағы 1,6 га жерге 320 оқушыға арналған мектеп салынады деп жоспарлануда.

Айта кетейік, биыл жеке инвестиция есебінен Жетісай қаласынан «ЕРЖИГИТ» ЖШС 420 орындық, «ЛИДЕР» ЖШС 300 орындық 2 мектепті іске қосқан.