Жергілікті өндіріс – ұлттық экономиканың тірегі

Жергілікті өндіріс – ұлттық экономиканың тірегі

Мемлекет кәсіптің көзін тауып, іс қылғысы келгендерге қолдауды кенже қалдырған емес. Соңғы жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдік тарапынан қайтарымсыз грант алып, субсидия алған жергілікті кәсіпкерлердің өнімі өзге өңірлерге де жіберіліп, ішкі өнімді қамтамасыз етуге қолғабыс етіп отыр.

Бүгін министрлік пен әкімдік, Агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері БАҚ өкілдерімен бірге Шымкент шаһарындағы шаруалардың айтарына құлақ түріп, қаржылай қолдау алып отырған кәсіпкерлердің жұмысы таныстырылды.

Соның ішінде екі жыл бұрын шағын кәсібін ашып, Izmir Trade ЖШС құрған Измир Лапаев басқаратын сүт өнімдерін өндіретін зауыттың ірімшіктері қазір Шымкенттегі қоғамдық тамақтану орталықтарына ғана емес, Алматы, Астана, Тараз, Қызылорда қалаларына да жіберіледі екен. Серіктестік басшысының сөзінше, мұнда күніне үш жарым тонна дайын өнім шығарылады.

Олардың халықтың табиғи таза өніммен қамтамасыз етіп отырғаны үшін жергілікті әкімдік те қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Айталық, серіктестік сүтті қайта өңдеп, дайын өнімдерді сату үшін мемлекеттен субсидия алады. Яғни олардың өндіріп отырған сүтінің литріне ақша төлейді.

«Біздің құрал-саймандарымыз бен технологияларымыздың барлығы Түркиядан алынған және технологтарды да бастапқыда сол жақтан алып келдік. Қазір түркиялық мамандар біздің жұмысшыларға өздерінің тәжірибесімен бөлісіп, технологиялардың тілін меңгертіп жатыр. Бізде қазірдің өзінде жиырма қызметкер бар. Ал жалпы біздің технологияларымыз бес тоннаға дейін өнім шығаруға қабілетті», дейді И.Лапаев. Кәсіпкерлік мемлекеттің беріп отырған көмегін тиімді пайдаланудың арқасында қазір өз шаруасын бұдан ары кеңейтіп, алдағы уақытта жаңа зауыт салуды да мақсат етіп отыр.

Ал қаладағы үш жылдан бері Шымкент қаласында ғана емес, республиканың өзге қалаларына он екі түрлі сүт өнімін жіберіп отырған BIO FOOD KZ ЖШС-і де шаруасы дөңгелеп жатыр. Серіктестік директоры Санжарбек Абдуахитовтің айтуынша, сүт фирмасы күніне 25-30 тонна сүт өнімдерін шығарып отыр. Олардың таза сапалы сүт өнімдері қазір қаладағы барлық сауда орталықтарында сатылымда тұр. Тіпті осы аз уақыттың ішінде олардың сүт өтімдеріне сұраныс тек Шымкентте ғана емес, Қарағанды, Алматы Қызылорда мен Ақтаудан да артып келеді.

«Біз сары май, қатық, айран, ірімшіктің бес түрін, сүзбе, қаймақ, барлығы 12 түрлі сүт өнімін шығарамыз. Осынша өнімді фирмамыздың жиырма бес адам жұмысшысы өздері атқарып жатыр. Олардың барлығын түркиялық мамандардың өздері келіп осында бір жарым жыл оқытты.

Қазір біздің өнімдерді жергілікті мамандар шығарып отыр. Технологияларымызды Түркиядан алып келдік. Ең маңыздысы, біздің ісімізге қолдау білдіріп, кәсіптен нәсіп тауып отырғанымыз мемлекеттің қолдауының арқасында екенін де айта кетейін. Себебі үкіметтен алып отырған субсидия өнімдеріміздің өтімді әрі сапалы болып шығуы үшін көп көмегін тигізіп келеді», дейді серіктестік басшысы. Мұндағы сүт өнімдерінің жасалу процесі ұқыптылық пен сабырлықты талап етеді екен. Мәселен, алдымен сүттен қаймақ алынады, қаймақтан таза сары май алынады. Ең маңыздысы, сүт өнімдеріне ешқандай зиянды қоспалар мен дәмдеуіштер араластырмайды. Тағы бір айта кетерлігі, бір кесе сүт те ысырап етілмейді. Яғни қаймақтан ажыратылған сүттің өзінен дәмі тіл үйіретін табиғи сүзбе жасалады.

Қала аумағында қазір дәл осындай сүт өнімдерін қайта өңдеп, табиғи өнім беріп жатқан он екі шағын кәсіпкерлік бар. Соның ішінде BIO FOOD KZ ЖШС орташа кәсіпкерлікке жатады. Өйткен мұнда бір күнде отыз тоннаға шейін сүт өңделеді. Шымкент қаласы Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бөлімінің басшысы Жәнібек Тоғайдың айтуынша, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көп. Айталық, бүгінде олардың сары май мен қатты ірімшігі үшін қайтарымсыз субсидия беріледі екен. Демек кәсіпкерлер мемлекет қолдауына ие болу үшін бұрынғыдай әр есікті сығалап, әуре-сарсаңға түспейді. Шығарған өнім көлеміне қарай құжаттарын электрондық базада ауыл шаруашылық басқармасына өткізе алады. Жұмыс орындарында отырып субсидия алуға өтініш қалдыру қиындық тудырмайды.

Бұдан кейін жауапты мамандар БАҚ өкілдерін төрт гектар аумақты алып жатқан жылыжай жұмысымен таныстырды. Мұндағы жұмыс барысын таныстырған IGM Corparation ЖШС-нің қызметкері Есалы Аңсат төрт жылдан бері жергілікті халықты отандық көкеніспен қамтамасыз етіп отырған жылыжайдағы жұмыс бір сәтке де тоқтамайтынын айтады. Өйткені жылыжай аумағында көктемде қияр егілсе, күзде қызанақ себіледі. Сонда жылына жылыжайда өсірілген жүз тонна көкеніс Шымкенттегі сауда орындары мен жәрмеңкелерге жіберіледі. Ал серіктестікте 50-60 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, жиын-терім кезінде олардың саны 100-120 адамға жетеді екен. Сондай-ақ серіктестік өкілі жылыжайдың жұмысы жүйеленіп, өнім сапасының артуына мемлекеттің берген қаржылай қолдауы да көмек болып отырғанын тілге тиек етті. «Бізге мемлекет дәрі-дәрмек пен тыңайтқыштардың субсидиясын береді. Соның бәрін уақытылы алып, тиімді жаратып отырмыз. Себебі өнімнің сапалы әрі көлемді болу үшін тыңайтқыштың маңызы зор. Біздегі технологияның барлығы Түркиядан әкелінген.

Барлығы автоматты түрде істелінеді. Агрономдар компьютермен тапсырма беріп қойып, жұмыс барысын телефон арқылы бақылап отырады. Шығын болмай кіріс кірмейтіні тағы бар. Бірақ үкіметтен алып отырған несиені уақытында төлеп, ісімізді алға қарай дамытып келеміз. Соның арқасында қазір біздің өнімді Алматы, Қарағанды, Қостанай мен Өскеменнен келіп алып кететіндер бар», дейді ол.

Шымкент өңірінде қазір 94 гектар жылыжай бар. Бұл орайда қала халқын сапалы өніммен қамтамасыз етіп отырған жылыжайлардың үлесі 70-80 пайызды құрап отыр. «Қазір жылыжайларда алғашқы көктемгі өнімдерді көріп отырмыз. Ертең осы отандық өнімдерді қала аумағындағы базарлар мен жәрмеңкелерге шығарамыз. Сонда біз қала халқын өзіміздің жергілікті сапалы әрі бағасы тиімді өніммен қамтамасыз ете аламыз. Өйткені біз өнеркәсіп жылыжайларына мемлекет тарапынан гектарына сегіз миллиондай субсидия береміз. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан шаруалардың бір шетіне шығысып, жарығы мен газына, суына жеңілдік жасап отыр. Айталық, оларға жиырма пайызға субсидия беріледі. Бүгінде фермерлік жылыжайларға гектарына бес миллиондай қарастырылып отыр. Былтыр өңірге келген түрік компаниясы 650 гектар жер алған. Бұл серіктестіктің жүз гектар жылыжайы іске қосылады. Оларға да қазір 30 пайыз инвест субсидия береміз. Түрік компаниясы биыл жылыжайдың 100 гектарын іске қосса, келесі жылы тағы да 250 гектар, ал 2028 жылға дейін 650 гектарын кезең-кезеңмен қосатын болады», деп отыр Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бөлімінің басшысы Жәнібек Тоғай.

Сонымен қатар жұмыс істегеніне бір жыл ғана болған «АйМар құс» ЖШС-не көрсетілген қолдау үмітті ақтап отыр десек әбден болады. Өйткені аз ғана уақыттың ішінде кәсіпкерлік сапалы табиғи жұмыртқа өнімдерінің бірнеше түрін шығаратын деңгейге жеткен. Алдағы уақытта жұмыртқа шығарып қана қоймай, табиғи сапалы құс етімен айналысуды да мақсат етіп отыр. Серіктестіктің бас директоры Өмірбек Сәбитұлының сөзіне сенсек, фабрика күніне 200 мың жұмырқа шығарады. Олардың өнімдері қазір Шымкент қаласы мен Түркістан облысы ғана емес, Қызылорда, Тараз, Алматы, Астана, Петропавл, Өскемен, Қарағанды қалаларындағы ресми супермаркеттердің сөрелерінде тұр. Ал кәсіпкерлікте жоғары өнім шығаруға арналған голандиялық және неміс технологиялары қолданылады екен. Яғни мұндай сапалы технология сағатына 36 мың жұмыртқа жинауға мүмкіндік беріп отыр. «Басқа шағын және орта бизнес секілді біз де мемлекеттің қолдауын көрдік. Біздің фабрикамызға бірінші кезеңде 4 миллиард 800 миллион жұмсалды. Қазір біз екінші кезеңді бастап, тағы бір зауытты салып жатырмыз. Бүгінде бізде екі жүз мың тауық бар, жүз мың балапан болса, биыл біз бройлер фабрикасын ашуды көздеп отырмыз. Құрылыс жұмыстарын бастап қойдық», дейді ЖШС басшысы.

Әңгіме арасында Өмірбек Сәбитұлы енді ғана басталған жұмысқа мін таққандар да болғанын жасырмады. «Халал жұмыртқаны хиджиб киетін тауықтардан аласыздар ма?» дегендердің де сауалына жауап беріп, іс жүзінде сапалы әрі таза өнімнің қалай жасалатынын көрсетіп жатқанын жеткізді. «Мұсылман болған соң әрбір ісіңді адалынан қылу керек. Біздің құстарға беретін жемдеріміздің барлығы табиғи таза өнім. Қазір тауықтарға тек табиғи жүгері, жергілікті бидай мен майды береміз. Мысалы, көп фабрикалар қоспасы бар аралас ұн мен өлген тауықты өндіріп, құстардың өзіне беріп жібереді. Ал бұл каннибализм десек те болады. Сол себептен қазір кейбір жұмыртқа адамдардың асқазандарын ауыртып жатады. Ал жұмыртқаның сарысы сап-сары болу үшін табиғи жүгері беріледі. Қосымша кафтизол дәрумен қосылады. Адал асты білетін тұтынушылардың арқасында бір жылдың ішінде өнімдеріміз ел ішіндегі бірнеше өңірге жібере бастадық. Тіпті қазір Ауғанистаннан да тұтынушылар келіп, өнімдерімізге қызығушылық танытып отыр. Алайда біз жұмыртқаларымызды шетелге шығара алмаймыз. Алдымен ішкі сұранысты қанағаттандырым алу үшін жұмыс істейміз», дейді ол.

Жалпы елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – ел экономикасының маңызды басымдықтарының бірі. Кәсіпкерлердің айтуынша, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары – жеңілдетілген несиелер, гранттар, салықтық жеңілдіктер мен білім беру бағдарламалары бизнесті өркендетуге елеулі ықпал етеді. Дегенмен мемлекет қолдауын көрген кәсіп иелері жұрттың да жағдайына қарап іс қылса, ел экономикасына үлесін қосқан болар еді.