Жетім қыздарды саудалайтындар қатары тыйылмай тұр. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішев айтты. Аталған ұйым Шымкент қаласы әкімдігімен бірлесіп, арнайы семинар-тренинг ұйымдастырып жатыр. Басты мақсат – елдегі адамның құқығын бұзуға қатысты қылмыстардың алдын алу, әр азаматты қорғау.
Қазақстанда адам саудасы өршіп отырған проблема екені жасырын емес. Бұл бойынша ҚК-ке де өзгертулер енгізіліп, барынш Заң қаталдана түскен. Енді адам саудасымен айналысқан күдіктілерді 18 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеу көзделген. Аталған қылмыстарды ашу жұмыстары да қарқынды.
Жиынға түрлі сала өкілдері шақырылған. Елде әрбір адам өзінің құқығын білуі, өзгенің тарапынан дискриминацияға, буллингке ең әуелі өзі жол бермеуді үйренуі қажет. Әсіресе отбасында баланың жеке шекарасын қорғау, білім ордаларында емін-еркін сабақ оқу сынды қарапайым хақылар сақталуға тиіс. Мұның бәрін мамандар барынша халыққа түсіндіріп, ұдайы айту керек дейді.
Фолькер Фробарт – Астанадағы ЕҚЫҰ-ның Бағдарламалар офисінің басшысы, елші
— Мұндай ақпараттарды тек БАҚ өкілдері арқылы Астанада отырып таратпай, осылай аймақтарға шығып тұру өте маңызды. Сондықтан, осы жиынға қатысу мен үшін зор мәртебе. Қазір азаматтар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап бердік. Қазақстан азаматтарының өмірі мен бостандығы біз үшін бірінші орында тұруы керек.
Адам саудасына қайта оралатын болсақ, бұл қылмыстың түрлі фактілері кездесіп жатыр. Әсіресе, қорғансыз қыз-жігіттер мен азаматтығы жоқ адамдардың еңбегін қанап, олардың бостандығы мен еркіндігінен айыру жайты жиілеген. Құрылыс нысандары мен ауыл шаруашылығы, мейрамхналар мен асханаларда аталған фактілер жиі кездеседі. Қазір арнайы комиссия мүшелері еңбек инспекциясына мұндай орындарды ескертусіз барып тексеру керегін ұсынып жүр.
Сарапшылардың сөзіне сенсек, елдегі «тірі тауарға» қарсы тұру мәселесінде кедергі көп. Осыдан екі жыл бұрын адам саудасымен күрес туралы жасалған баяндамада мұндай сипаттағы әрбір төртінші қылмыс қана ашылатыны мәлім болды. Қылмыстарды анықтау көрсеткішінің төмендігі құқық қорғау органдары мен мемлекеттік органдардың дағдарыс орталықтарымен байланысының жоқтығы айтылды. Тіпті, оның бір ұшы сыбайлас жемқорлыққа келіп тірелуі мүмкін екені де сөз болған.