Жолаушылар өтініші ескерілді: №45 автобустар жаңа бағыттармен, №206 автобустар қосымша кестемен қатынайды

Жолаушылар өтініші ескерілді

Шымкент қаласында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары негізінде қоғамдық көлік қозғалысына бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер жолаушылардың күнделікті қатынасын жеңілдетіп, қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыруға бағытталған.

Бүгіннен бастап №45 бағыттағы автобустың қозғалыс сызбасы жаңартылып, енді ол екі бағытта қызмет көрсететін болады. Атап айтқанда:

            •         №45 бағыт – «Достық» шағын ауданы мен Төле би көшесі аралығында қатынайды;

            •         №45А бағыт – «Достық» шағын ауданы мен «Гипер Хаус» сауда үйі аралығында жолаушыларды тасымалдайды.

Бұл жаңашылдық қала тұрғындарының сұранысын ескере отырып енгізілді. Екі бағыттың да қызметі қаланың шығыс және орталық бөліктеріндегі жолаушылар легін тиімді бөлуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жолаушылар тарапынан жиі айтылған өтіністердің бірі – №206 шағын автобус бағытының қозғалыс жиілігін арттыру болатын. Осыған сәйкес, «Сайрам-ЖТС» ЖШС қызмет көрсететін №206 бағыттың кестесіне де толықтыру енгізілді. Енді көліктер:

            •         жұмыс күндері – 7 кесте бойынша,

            •         сенбі, жексенбі және мереке күндері – 4 кесте бойынша

қатынап, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалмақ.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, қоғамдық көлік бағыттарын оңтайландыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Мақсат – тұрғындарды негізгі әлеуметтік нысандармен, өндіріс аймақтарымен және оқу орындарымен тиімді байланыстыру.

Жол қозғалысын жетілдіру, кесте жиілігін арттыру және бағыттарды нақтылау – жолаушыларға ыңғайлы, қауіпсіз әрі сапалы қызмет ұсынуға бағытталған кешенді шаралардың бір бөлігі.

Болашақта қала әкімдігі мен көлік компаниялары тұрғындар тарапынан келіп түскен ұсыныстарды ескеріп, қоғамдық көлік жүйесін одан әрі жетілдіруді жалғастырады.