Жыл басынан бері есірткіге  қатысты 356 құқық бұзушылық тіркелген

Соңғы уақытта жастар арасындағы заңсыз есірткі айналымы дабыл қағатын мәселеге айналып отыр. Бұл туралы мемлекет басшысы халыққа жолдауында жеке тоқталып, құқық қорғау органдарына қоғамға төніп тұрған қауіптің алдын-алуды тапсырды. Тапсырмаға сәйкес Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен жедел шаралар атқарылуда. Атап айтқанда, қылмыстың алдын алу мақсатында мектеп оқушылары, студенттер мен қала тұрғындары арасында белсенді түрде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Шаһарымызда жыл басынан бері аталған жайтқа қатысты 356 құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде қылмыстық құрамы бар 111 жайт анықталды. Нәтижесінде, заңсыз есірткі айналымынан барлығы 96 келі 807 грамм есірткі заты тәркіленді.

         Сондай-ақ, қылмысқа қатысы бар күдіктілерді шұғыл ұстау шаралары атқарылып жатыр. Мәселен, өткен аптаның басында есірткі курьері болып жұмыс істеген 19 жастағы студент ұсталды. Оның қалтасынан 9 дана арнайы орамаларға оралған есірткі заты тәркіленді. Жас жігіт бұл жұмысқа ақша табу үшін интернет арқылы орналасқанын айтты. Аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабы 3- бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

         Қазіргі таңда жастар арасында есірткі затын жеткізу (курьер) қызметін жасайтындар көбейді. Шет аймақтардан келген жасөспірімдер мұның қаншалықты қауіпті екенінен және қылмыстық жауапкершілікке тартылатынынан бейхабар секілді. Өйткені, оқуда жүріп ата-анасынан ақша сұрамау үшін осындай қадамға барады. Бұл қателігі арқылы өзінің де өзгелердің де өміріне балта шабады. Заңсыз іс-әрекеті үшін ҚР Қылмыстық Кодексінде белгіленген баптар бойынша тиісті жауапкершілікке тартылады.

         Статистика бойынша елімізде 2021 жылы есірткі қылмыстары көп тіркелген аймақтар қатарында Алматы қаласы, Жамбыл облысы және Шығыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес есірткі нарығындағы өзгерістерге жедел ден қою және заңнамалық деңгейде синтетикалық есірткінің жаңа түрлерін енгізу мақсатында бірқатар заңнамалық бастамалар жүзеге асырылды.

1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің өткен жылғы қыркүйектегі  қаулысымен аса қауіпті заттардың «қылмыстық» мөлшері 1 грамға дейін төмендетілді және тиісінше, оларды өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді; 

2) прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейтін заң жобасы әзірленді; 

3) 2022-2023 жылдарға арналған Жол картасының жобасы әзірленді, онда шетелде өндірілген есірткінің әкелінуіне, олардың ел ішінде таралуы мен өндірілуіне жол бермеу, есірткіге тәуелділерді емдеу және оңалту шаралары көзделген.

Ntime.kz