Әлемді нәзік жүрегімен тербететін әйелдердің сол нәзіктігінен зардап шегіп жататыны жақсылыққа жасалған жамандық, гүл өсірген бағбанның гүлзарына соққан бұршақты қара дауыл секілді көрінеді. Әйел аналардың «Ардақты» деген атауын тек сөз күйінде қалдырып келе жатқаны жаныңа батады. Анасына, апа-қарындасына, қызына шаң жуытпайтын ер адамдар кейде шолақ ойлап, әйел теңдігі десе теріс қарайтыны бар. Шаһарымызда жыл басынан бері «102» арнасы арқылы полицияға отбасылық жанжал туралы 5326 шақырту келіп түсті. Оның ішінде, 1073 азаматша болған жайтқа қатысты арыз-шағым жазудан бас тартқан.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңның 20-бабына сәйкес 3529 тұлғаға «қорғау нұсқамасы» шығарылды. Профилактикалық жұмыстар кезінде нұсқаманы бұзған 103 азамат ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабыбен сот арқылы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, 621 адамға қатысты әкімшілік іс сотқа жолданып, полиция қызметкерлерінің ұсынысымен 213 тұлғаның мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленді.
Жыл басынан бері отбасылық жанжалдан зардап шеккен 145 әйел әлеуметтік көмек көрсету орталықтарына орналастырылды. Тәртіп сақшыларымен атқарылған жұмыстар нәтижесінде тұрмыстық зорлық-зомбылық жайты өткен жылмен салыстырғанда 20,8 пайызға төмендеген.
Алдағы уақытта, жоғарыда көрсетілген нәтижені жақсарту үшін профилактикалық шаралар күшейтілетін болады.
Мамандардың айтуынша, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың басты себебі маскүнемдік пен жұмыссыздық салдары болып табылады. Осындай жағдайларда жиі туындайтын бір мәселе бар. Ол тұрмыста зорлық көрген әйелдер өзіне қол жұмсаған адаммен бір шаңырақтың астында тұрғылары келмейтіндігі. Әйелдердің дені қорқыныштан, болмаса баспанасыз қалмауы үшін көбіне көрсетілген зорлыққа амалсыз шыдауға бел байлайды. Зорлықтан зардап шегушілердің көбісі түрлі себептерге байланысты полицияға хабарласуға асықпайды. Бірі отбасы жағдайының төмендігін ойласа, енді бірі бұл қадамы онсыз да берекесі кеткен шаңырағын одан әрі шайқалтып кетер деп қауіптенеді. Зорлық-зомбылық, егер ол: жұбайлар; бұрынғы жұбайлар; бірге тұратын немесе тұрған адамдар; жақын туыстар; ортақ баласы (балалары) бар адамдар арасында отбасылық- тұрмыстық қатынастар аясында жасалса, «тұрмыстық» ретінде сараланады.
Ntime.kz