Елімізде жаңа туристік жобалардың бірі – «Жібек жолы» теміржол бағыты іске қосылды. Бұл туристік пойыз «Алматы–Түркістан–Ташкент–Алматы» бағытында қатынайтын болады. Алғашқы сапар 16–20 қараша күндері өтуде, және оған 115 жолаушы аттанды. Енді бұл туристік пойыз ай сайын тұрақты түрде қатынайтын болады.
«Жібек жолы» туристік пойызының басты мақсаты – Қазақстан мен Өзбекстанның тарихи және мәдени орындарын аралап, саяхатшыларға ерекше тәжірибе сыйлау. Пойыздың ішінде жолаушылар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Оларға жатын орын, үш мезгіл тамақ, сондай-ақ қала ішіндегі қызықты экскурсиялар ұсынылады. Әрбір саяхатшыға кәсіби гидтердің жетекшілігімен экскурсиялар жүргізіледі, бұл туристерге қалалар мен тарихи ескерткіштер туралы толық мәлімет алуға мүмкіндік береді.
Туристердің Түркістан мен Ташкент қалаларында өткізетін уақытын барынша тиімді ету үшін оларды арнайы туристік автобустармен қамтамасыз етіледі. Түркістанда туристер бір күн, ал Ташкентте екі күн болып, екі қаладағы ең көрнекті орындарды аралайды.
Түркістан қаласында саяхатшылар Қ.А.Ясауи кесенесіне, Керуен Сарай кешеніне, сондай-ақ Отырар ауданындағы Арыстан Баб кесенесіне зиярат етеді. Бұл орындар – қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне терең бойлауға мүмкіндік беретін киелі жерлер. Ал Ташкентте туристер Хазрет Имам кешенін, Төле би кесенесін, Әмір Темір мен Тәуелсіздік алаңдарын аралап, қала тарихымен танысады. Сонымен қатар, Ташкенттегі жаңа «Samarkand Darvoza» сауда орталығында да уақыт өткізбек.
Саяхат барысында жолаушыларға түрлі ойын-сауық шаралары ұсынылады, бұл сапарды одан сайын қызықты әрі көңілді етеді. Пойыздағы мультимедиялық жүйе арқылы жолаушыларға өздеріне қажетті ақпаратты алу мүмкіндігі беріледі. Бұл жүйе vputi.kz платформасы арқылы жүзеге асырылады. Ал әрбір жолаушыға тур барысында қалалар мен туристік нысандар туралы ақпарат беретін арнайы буклеттер ұсынылады.
Ең қызығы, жолаушыларға Түркістан қаласының мәдениеті мен тарихына арналған «Түркістан жаңғыру» атты туристік кітап сыйға беріледі. Бұл кітап әрбір саяхатшыға естелік болып қалатын құнды сыйлық болмақ.
«Жібек жолы» туристік пойызының іске қосылуы – тек Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени және туристік байланысты нығайтудың бір тәсілі ғана емес, сонымен қатар туристік инфрақұрылымды дамыту мен осы саланы жаңа деңгейге көтерудің жолы болып табылады. Бұл жобаның аясында саяхатшыларға керемет естеліктер мен бай тәжірибе қалдырып, өңірлердің тарихын жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.