Кедендік төлемдер мен салықтардан 22 млрд теңгеге жуық қаржы түскен

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы бойынша МКД Кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы Серік Мәліков айтты.

Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің құрамында 7 кеден бекеті бар. Олар, 1 ішкі Түркістан-кедендік рәсімдеу орталығы-Әуежай», 6 шекаралық «Қазығұрт», «Қапланбек», «Жібек Жолы», «Сарыағаш стансасы», «Б.Қонысбаев» және «Атамекен».

– Түркістан облысындағы Өзбекстан Республикасымен шекара сызығы 958,76 шақырымды құрайды. Сондай-ақ, Өзбекстанның үш облысы – Ташкент, Сырдария және Жиззақ облыстарымен шектеседі. Биыл бюджетке өндірілген кедендік төлемдер мен салықтар 21,8 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсу қарқыны 120% жоғары, — деді Серік Мелдеханұлы.

Сонымен қатар, спикер жаңа заңнамаға сәйкес, 2023 жылдың 15 тамызынан бастап тауарларды декларациялау үшін 6 АЕК (20 700 теңге) міндетті алым енгізілгенін айтты. Сондай-ақ, бүгінгі таңда Департаменттің автомобильді өткізу пунктерінде электронды кезек жүйесі толығымен іске асырылып жатқандығын жеткізді.

Брифинг барысында спикер заң аясындағы тыйым салулар мен шектеулерге тоқталды.

– Жаңа заңға сәйкес, 2023 жылдың 14 тамызынан бастап жағармайды, бензиндерді, дизель отынын және мұнай өнімдерін Республика аумағынан автомобиль көлігімен әкетуге 6 ай мерзімге тыйым салынды. Сондай-ақ, 27 маусымнан бастап 6 ай мерзімге сандық шектеулер қойылды. Атап айтқанда, 60 000 бас мөлшерінде тірі ірі қара малды және 120 000 бас мөлшерінде тірі қой және ешкілерді ҚР аумағынан үшінші елдерге және ЕАЭО елдеріне әкетуге квоталар енгізілді, — деді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда «Қапланбек» кеден бекеті жөндеу жұмыстарына байланысты толық жабылған. «Қазығұрт» және «Атамекен» кеден бекеттерінде де құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал «Б.Қонысбаев» кеден бекеті толық реконструкциядан өтіп, 2021 жылы пайдалануға берілген.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі