Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын арнаған болатын. Бұл құжатта еліміздің әлеуметтік және экономикалық тұрғыдағы қуатын арттыруға басымдық беріліп отыр. Әсіресе мемлекетіміздің өнеркәсіптік әлеуетін нығайту жөнінде тиісті салалардың жаңашылдыққа қарай қол созуы, оның қаржыландыру жүйесіндегі қаржы ұйымдарының үлесін арттыру секілді мәселелерді жүйесімен жолға қою тұрғысында міндеттер жүктелді. Сол секілді халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту үшін кешенді жоспар жүзеге асып жатқанын да атап өтті Президент.
«Осы орайда халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер еткен кейбір шараларды атап өткім келеді. Мысалы, 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Мен нақты іске асқан шаралардың бір бөлігін ғана атап өттім. Шын мәнінде, көп жұмыс атқарылды, болашақта да өз жалғасын табады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Міне, осы аталған мәселелерге оңайлықпен қол жеткізілген жоқ. Халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту жолында мемлекет деңгейінде қабылданған шешімдер осы күні өз нәтижесін беріп жатыр. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Жолдауындағы қорытынды сөзін: «Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады.Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы. Тағы да қайталаймын: Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды. Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса, әділдік орнайды.
Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз. Мен еліміздің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақырамын»,-деп аяқтады. Бұл біздер үшін, ұлтымыздың баянды болшағы үшін аса маңызды міндет. Елімізді туған мекенім дейтін әрбір жан дәл осындай ұстанымда болып, оны іске асыруға үлес қосса дархан даламыздың кемелденген келешегін көру қиын емес деп санаймын.
Бақытжан БУКЕБАЕВ,
Түркістан қалалық «Ішкі саясат бөлімі» ММ басшысы.