Төлеби аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынды қоғамдық кеңес төрағасының м. у. а. С.Ахтаев ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде 4 мәселе қаралды.
Отырыстың ашылуында кеңестің құрамынан шығып қалған мүшелердің орнына қабылданған бірқатар кеңес мүшелеріне куәліктер табысталды.
Бірінші мәселе бойынша: Төлеби аудандық ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторинг бөлімінің жетекші маманы Ж.Шохатов – Төлеби ауданы әкімдігіне қарасты қала, ауылдық округ әкімдерінің аппараттары және дербес бөлімдерінің 2022 жылы мемлекеттік қызмет көрсету саласында атқарылған жұмыстарының қорытындысы бойынша хабарлама жасады.
Екінші мәселе бойынша: Төлеби ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы С.Қалдыбаев – Тұрғын үй сертификаттары бағдарлама шеңберінде ипотекалық тұрғын үй қарызын пайдалана отырып, азаматтардың тұрғын үйді меншігіне сатып алу құқығын іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдар бюджеттік кредит түріндегі әлеуметтік көмек немесе әлеуметтік қолдау ретінде тұрғын үй сертификаттары берілетіндігін түсіндіре келе «Төлеби ауданы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшерін және алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы» қаулының жобасына келісім беруді сұрады. Кеңес мүшелері оң қорытынды келісімдерін берді.
Үшінші мәселе бойынша: Төлеби аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлім басшысы Е.Тлеубердиев – Ленгір қаласында жоспарланып жатқан «Төле би баба» мұражайының және «Төлеби аудандық мәдениет» үйінің құрылыстарына әзірленген жобалау-сметалық құжаттамасындағы эскиздік жоба нұсқаларын слайд-форматы арқылы көрсетіп, таныстырып кеңес мүшелерінен келісім беруді сұрады. Кеңес мүшелері бірауыздан оң қорытынды келісімдерін берді.
Төртінші мәселе бойынша: Төлеби ауданы жер қатынастары саласында 2022ж. және 2023ж. 1-тоқсанында атқарылған және атқарылып жатқан жұмыстары туралы мәселені қарау кейінге қалдырылды. Себебі аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы А.Сарбеков отырысқа қатыспайтындығын алдын ала ескертпеген. Сонымен қатар материалдарды белгіленген мерзімде кеңеске өткізбеуіне байланысты кеңес мүшелері бұл мәселені толықтай танысып, зерделеп үлгермеген.