2023 жылғы 27 маусым күні Түркістан облысы әкімінің м.а. Ермек Кенжеханұлының төрағалығымен Облыс әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысы өтті.
Жиынға құқық қорғау органдарының басшылары мен облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары және бейнеконференция арқылы қала/аудан әкімдері қатысты.
Комиссия отырысының күн тәртібінде облыс бойынша бизнеске жер учаскелерін бөлу саласы және олардың қолжетімділігі, сондай-ақ бизнес объектілеріне инфрақұрылымды жеткізу мәселелері жөнінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындысы талқыланды.
Одан өзге, №4 «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» Үлгілік базалық бағытын облыс аумағында іске асырылуы және тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлықтың жай — күйі баяндалды.
Сыртқы талдау қорытындысын баяндаған Превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісов талап етілген құжаттарды зерделеу жолымен бірқатар кемшіліктер анықталғанын, яғни аукцион өткізбей жер беруде, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер беруде, конкурстар өткізуде, бизнесті жүргізу үшін алынған жерлердің нысаналы мақсатын өзгертуде, жер құқығын беруден бас тартуда және т.б. қызметтерде бірқатар заңбұзушылықтардың анықталғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, қала/аудан әкімдіктерінің жер қатынастары бөлімдерінің лауазымды тұлғаларымен кәсіпкерлік субъектілері бар басқа жер учаскелеріне жаңа кадастрлық нөмірлер бере отырып, жер учаскелерін бөлу бойынша заңсыз іс-әрекеттер жасауға мүмкіндік беретін жемқорлық тәуекелдеріне жол бергені туралы айтылды.
Бұдан бөлек, талдау нәтижесімен шаруаға, фермер қожалығына, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскелерін беру кезінде конкурстық рәсімдерде де анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы баяндалды.
Комиссия отырысын қорытындылаған төраға облыс аумағында сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында отырыста баяндалған кемшіліктерді жою бойынша Түркістан облысының жер қатынастары басқармасына Департаменттің жолдаған ұсыныстарын Заң аясында орындауды тапсырып, күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.