2021 жылғы 20 тамызда Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу бойынша үшжақты комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Отырыста комиссияның жаңа құрамы бекітілді.Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов төрағалық еткен отырыста қатысушыларға Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2021 жылғы 10 шілдедегі хаттамалық тапсырмасына сәйкес, Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу комиссияларына төрағалық етуді Республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың әкімдері жүзеге асыруы тиіс екені хабарланды. Осыған байланысты қала әкімдігінің қаулысымен комиссияның жаңа құрамын бекіту ұсынылды.Қала басшысы әлеуметтік сипаттағы мәселелерді шешуде және қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыруда комиссия жұмысының маңыздылығын атап өтті. 2021 жылы үшжақты комиссияның 12 отырысы өтіп, онда жалақы қарыздары, еңбек даулары, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу, қауіпсіздік қағидаларын сақтау, ұжымдық шарт жасау мәселелері қаралған болатын.Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов үшжақты комиссия мүшелерінің тізімімен таныстырды. Үшжақты комиссия жаңа құрамында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, төраға орынбасары Руслан Ақжігітов, салалық кәсіподақтар филиалдарының төрағалары – Серік Әуесханов, Лариса Тургинбаева, Руслан Шеримов, Ерқозы Батырбеков, Қазақстан Республикасы Жұмыс берушілер конфедерациясының өкілі Александр Суворов, өкілдің орынбасары Альберт Толщин, «Қазақстан әйелдерінің республикалық кеңесі» қоғамдық бірлестігі филиалының төрайымы Баян Жандосова, сондай-ақ қалалық басқармалардың басшылары бар.
Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы