Конституция күніне орай Қаратау ауданында еңбек озаттары марапатталды

Конституция күніне орай

Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай Қаратау ауданының әкімдігі мерекелік шара ұйымдастырып, «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің еңбек сіңірген қызметкерлерін арнайы құттықтады. Аудан әкімі Алмас Абаев ұжым өкілдерін қабылдап, олардың қажырлы еңбегін жоғары бағалады.

Кездесу барысында коммуналдық салада ұзақ жылдар бойы аянбай еңбек етіп жүрген мамандарға аудан әкімінің алғыс хаттары мен «Еңбек озаты» төсбелгілері табысталды. Бұл марапат – олардың қала тазалығы мен абаттандыру ісіне қосқан үлесінің айқын дәлелі.

«Қала тазалығын сақтау – тұрғындардың өмір сапасын арттырудағы ең маңызды міндеттердің бірі. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында ауданымыздың келбеті көркейіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалып келеді. Конституция күні қарсаңында марапатталуларыңыз – еңбектеріңіздің лайықты бағалануы», – деді өз құттықтау сөзінде аудан әкімі.

Марапат иелері де ыстық ықыластарын білдіріп, сенім мен қолдаудың жаңа күш-қуат беретінін атап өтті. «Бұл – біздің бүкіл ұжым үшін үлкен мәртебе. Еңбектің бағалануы – бізге алдағы уақытта да тың жігермен жұмыс істеуге серпін береді», – деді «Қаратау» КММ қызметкерлері.

Жиын соңында аудан басшысы барша коммуналдық сала мамандарын мерекемен құттықтап, оларға мықты денсаулық, еңбекте табыс және жаңа жетістіктер тіледі.

Конституция күні аясындағы мұндай шаралар еңбек адамын дәріптеп қана қоймай, жас мамандарға үлгі болып, қоғамда адал еңбекке деген құрметті арттыра түседі.

Конституция күніне орай Қаратау ауданының әкімі «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің еңбек сіңірген қызметкерлерін арнайы қабылдап, құттықтады. Қажырлы еңбектері еленген мамандарға «Еңбек озаты» төсбелгілері табысталды. Бұл – ұжым үшін үлкен мәртебе әрі еңбектің лайықты бағалануы болды.