Шымкент қалалық опера және балет театрында хор ұжымы «Күтемін сені» атты композициялық драмасының жаңа форматтағы қойылымын көрерменге паш етті. Сюжеттің негізінде екі басты кейіпкер – Баритон мен Колоратурлық Сопрано арасындағы махаббат хикаясы баяндалды. Қойылымды сахналаған актерлер және театрдың хор ұжымы өнер мен шынайы өмір әлеміндегі нағыз оқиғаны театр сүйер қауымға жеткізіп, ерекше атмосфера сыйлады. ⠀
–«Күтем сені» – композициялық драма, классикалық мюзикл. Біз бұл қойылымды жастарға арнап сахыналадық. Әрі осы қойылым арқылы Шымкент қалалық опера және балет театрының 15 жылдық тарихын зерделей отырып, театр өнеріндегі еңбегін көрермен назарына жеткізуге ұмтылдық. Қойылым ерекше жанрда, заманауи стилде сахыналанды және халық әндері мен қазақ композиторларының әндері арқылы көрермендерді керемет әсерге бөлегені сөзсіз, – деді режиссер Шағуан Үмбетқалиев. ⠀⠀
Көріністің барысы Баритон мен Колоратурлық Сопраноның жастық шағындағы ыстық леп берген махабаттан бастау алды. Екеуі қыз-жігіт болып жүргенде махабаттың буына байланған Баритон үйленуді ұйғарады. Алайда, қалтасында көк тиыны жоқ ол достарынан көмек сұрайды. Қасындағы адал достарының барлығы бірігіп, Баритонның тойын кең жазық далада ұйымдастырып береді. Барлығы мәз-мейрам болып, тойды шат-шадыман болып өткізеді. Қонақтар тарқасып, қос ғашық оңашада қалып, таңды таудың етегінде қарсы алады. Күн ұясынан қызара қос ғашық алдағы өмірін жоспарлап, армандарынан сыр шертеді.
Күндер зулап, сағаттар сырғып өте берді. Әлі нәресте сүйе алмаған оларға туыстары сөйлей бастайды. Келінге ауыр сөздер айтып, көңіліне қаяу түсіреді, бірақ бір-бірін шын сүйген ғашықтарға бұл кедергісін келтірмейді. Араға жылдар салып Баритонның әйелі ұл босанады. Оны жігіттің досы сүйінші сұрап, қуанышпен бөлісті.
Дүниеге келген нәресте өсіп, бала-бақшаға баратын жасқа жетті. Содан мектептің де табалдырығын аттады. Бірақ бұл отбасының өмірі күнделікті күйбең тіршіліктен ары аспады, біріне-бірі ұқсас сүреңсіз күндер қайталана берді, қайталана берді. Жоқшылық та есік қағып, таршылықтың күйін кешті. Махаббат алауы бәсеңдеп, үйде ұрыс-жанжал жиілей түсті. Мұның соңы қос ғашықтың айырылысуына әкеп соқты.
Ғашықтардың таңмен таласа айтқан асыл армандары адыра қалды. Баритон қарлығашын ұясынан ұшырып алып, балапанын қорғай алмаған байғұстың күйін кешті. Бірнеше күннен кейін, баласының ауруханаға түскенін жанында жүрген досы айтты. Жүрегі дүрсілеп, уайым басқан әкесі алды-артына қарамай ауруханаға барып, дәрігерден бөбегінің хәлін сұрайды. Дәрігер жағдайы жақсы екенін айтып, абыржулы әкені сабырға шақырды… Ауруханада әйелін кездестірген Баритон бар өкінішін білдіріп, отбасын сақтай алмағынына қынжылды. Ғашығына қайта қауыар сәтті ұзақ күткенін айтып, отбасынан кешірім сұрап, екеуі қайта қосылады. ⠀
Қойылымның әсерлі болғаны сондай көрермен бірде көз жасына ерік берсе, бірде күлкі мен қуанышқа кенелді. Ойлы жанның жүрегіне жол тапқан «Күтемін сені» композициялық драмасы отбасының қадірі мен құндылығын тағы бір мәрте сезіндіріп, баянды баққа жету үшін соқтықпалы, соқпақсыз өмір жолындағы қиындық пен тауқымет атаулыны бірге көтеру керектігін көрерменге ұғындырды. ⠀