Еңбек адамының кәсібі көпке үлгі

кәсібі

Шымкент қаласындағы «Наурыз Пластик» сауда белгісінің өнімдері шетел нарығында да саудалануда. Жергілікті нарықта бірнеше жыл бұрын пайда болған бұл кәсіпорын өнімдері соңғы уақытта кең сұранысқа ие болған.

Рабиға бұл кәсіпке кездейсоқ келген жоқ. 2005 жылдан бастап Иран, Қытай, Өзбекстан елдерінен Шымкентке ойыншық әкеліп сатумен айналысты. Саудада жүрген кезінде осындай ойыншықтарды неге өзіміз шығармаймыз деп көп қынжылатын. Ойыншық саудасымен айналысатын ерлі-зайыптының кәсіп бастауына Қытайда білім алған ұлы Наурызбек себепкер болыпты. Қытайдың Хон-жоу қаласында оқыған Наурызбек сабақтан бос уақытында ақша табу үшін ойыншық зауытында жұмыс істепті. Сол жерде ойыншық жасаудың тәсілдерін үйренді. Елгезек, қағылез Наурызбек Қытайдан білім ғана алып қоймай, мол тәжірибемен оралады. Ата-анасын ойыншық зауытын ашуға көндірген де өзі.

Техниканың тілін түсініп, оны іске қосуға бірнеше ай кетеді. Алғаш рет 200 ойыншық жүк көлігін шығарады.
«Қуанышымызда шек болмады. Біз шетелдік ойыншықтардан кем түспейтін өнім шығара алатынымызға сендік. Сол кезде біз қалада балалар ойыншығын шығаратын жалғыз өндіріс орны болдық» дейді Рабиға.
2013 жылы «Даму» қорынан
10 миллион теңге алып, 3 қондырғы алады. Істері алға баса бастайды. Кішкентай өндірістері алғашқыда айына екі мың ойыншық шығарса, бір жылдан кейін жеті мыңға жетеді. Тауар түрлерін де көбейтеді. Екі жылдан кейін айына 16 түрлі,
10 мыңдай ойыншық шығаратын дәрежеге жетеді. Олар балалар сүйіп ойнайтын құм жинақтары, түрлі машиналар. шашка, шахмат жиынтықтары болды.2016 жылы «Оңтүстік» индустриалды аймағынан 30 соттық жер бөлініп, ойыншық фабрикасын соғады. Жерді ұзақ мерзімге жалға алды. Мемлекеттің қолдауы арқасында бүгінде бір жылға 60 мың теңге аренда ақысын төлеп отыр.

– Фабрика соғу үшін «Даму» қорынан тағы несие алуға тура келді. Сонымен 125 мың доллар жұмсадық. Қазір өндірісте 20-дан астам адам, технолог, шеберлер, жұмысшылар бар. Барлық жұмысшылар жергілікті адамдар, орташа айлықтары – 150 000 теңге. Негізгі шикізат полипропилен. Оны шет елден алдыртамыз. Өкініштісі, бізде мұндай шикізат жоқ. Орайтын тор қапшықты Өзбекстаннан әкелеміз. Ол жақта бағасы арзан. Айтпақшы, көрші елде ойыншық та арзан. Ол да бізге қиындық тудырады. Олармен бәсекелесу қиын. Шымкенттік көтерме саудамен айналысушылар арзан болғасын өзбектің тауарын алады. Өйткені Орталық Азиядағы пропилен шығаратын жалғыз зауыт Өзбекстанда орналасқан. Біз 1 келісін 700 теңгеге алатын пропилен Ташкентте 480 теңге тұрады. Айырмашылығы әжептеуір. Осыдан Шымкенттік кәсіпкерлер зардап шегуде, – дейді Рабиға Сатыбалдықызы.