Экономиканың дамытудың қазіргі кезеңінде кәсіпкерлік қызмет субъектілері өзара әріптестік пен мемлекетпен ынтымақтастық жағдайында оларға қалыпты даму мүмкіндігін қамтамсыз ететін жағдайлар жасауды қажет етеді. Кәсіпкерлікті қолдау және қорғау – билік пен қоғамның алдында тұрған басым міндеттің бірі. Кәсіпкерлердің құқықтарын корғау — кәсіпкерлердің тәуекелі мен мүліктік жауапкершілігімен өз атынан, азаматтар мен заңды тұлғалардың бастамашылық қызметі ретінде кәсіпкерлікті қорғау. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне кепілдік алады, қолдау мен қорғауға алынады.
Мемлекеттік кірістер органы жеке кәсіпкер Р.-ге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 278-бабының 1-бөлігі бойынша, яғни салықтар мен басқа да міндетті төлемдердің сомаларын төмендеткені үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған.
Кәсіпкер келіспей Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына (бұдан әрі – бірінші сатыдағы сот) мемлекеттік кірістер органдарының ӘҚБтК-тің 278-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы толтыру әрекетін заңсыз деп танып, күшін жою туралы шағымданған.
Бірінші сатыдағы сот кәсіпкердің шағымын қарап, қанағаттандырудан бас тартты.
Әкімшілік істі зерделеу әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама ӘҚБтК-тің талаптарын бұза толтырылғандығын көрсетті.
Осыған байланысты қала прокуратурасы бірінші сатыдағы сот қаулысының күшін жою туралы апелляциялық өтінішхатты енгізді.
Нәтижесінде Шымкент қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Шымкент қаласы прокуратурасының апелляциялық өтінішхатын 09.11.2022 жылы қанағаттандырып, бірінші сатыдағы сот қаулысының күші жойылды және мемлекеттік кірістер органының жеке кәсіпкер Р.-ге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтыру әрекеті заңсыз деп танылып жаңа шешім шығарылды, 07.09.2022 жылғы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама заңсыз деп танылып және күші жойылды.