2021 жылғы 15 сәуірде Көкшетау қаласында ҚР ҰҚК Ақмола облысы бойынша департаменті атыс қаруы мен қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды заңсыз жасауға және оларды өткізуге қатысы бар қылмыстық топты жойды деп хабарлайды ҚР ҰҚК Баспасөз орталығы.
Топтың үш қатысушысы қару мен ҚЖҚ-ның кезекті партиясын сату кезінде ұсталды.
Жасырын цех ұсталғандардың бірінің жеке үйінде болған.
Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде заңсыз айналымнан 7 жауынгерлік пистолет, 96 қолдан жасалған жарылғыш құрылғы, 80 патрон, сондай-ақ қару-жарақты модификациялау мен жасауға арналған құралдар алынды. Тергеу-жедел іс-шаралары жүргізілуде.
Осы жылдың мамыр айында Ресей Федерациясының Қазан қаласында болған қайғылы оқиға қаскүнемдердің қолындағы атыс қаруы ауыр зардаптарға әкеп соғуы мүмкін екенін көрсетті.
Осыған байланысты қарудың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл ҚР арнаулы және құқық қорғау органдарының басым міндеттерінің бірі болып табылады.