Күннің жарығы мен жылуы адам баласына қандай қажет болса, АЭС те еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылып, электр жарығына тәуелсіз өмір сүруі үшін өте қажет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында: Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады – деді.
Ертеңгі күнді бүгін ойлаған дұрыс. Болашақта электр жарығының тапшылық қаупі тұрғанда АЭС салудан бас тартпай, белді бекем буып, ел болып қолдау керекпіз. АЭС-тің арқасында ең алдымен, тасымалданатын жарықтан құтылып, өзімізде өндірілген жарыққа қол жетеді. Одан кейін экологияға зияны жоқ жасыл аймаққа айналамыз. Тағы бір пайдасы, атом энергетикасы орталық Қазақстанда орналасса, еліміздің барлық аймағын энергиямен қамту деңгейі артады деп есептейміз. Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Көмір мен газ түтінін азайтуға үлес қосуымыз керек.
Атом энергиясын экспорттаудың арқасында экономика гүлденеді, инновациялық жобалар көбейеді әрі дамиды. Атом энергетикасын бейбіт мақсатта қолдана отырып, еліміздің халықаралық аренадағы позициясы нығаяды. Меніңше, халықтың мүддесіне сай АЭС жобасын қолға алып жатқан мамандарды қолдау да, қорғау да қажет. Ол – өте қиын да жауапты іс. Мамандардың пікіріне құлақ түрсек, атом энергиясы қуаттылығы жағынан көмір мен газдан әлдеқайда жоғары, әрі сыртқа аз қалдық шығарады. Сондай-ақ уранның Қазақстанның өз ішінде өндірілуі, қосымша қаржыны талап етпеуі де бұл саланың артықшылығын көбейте түседі. Осы саланың мамандары АЭС-тен алынатын энергия экологиялық ең таза әрі қауіпсіз екенін айтуда.
Ntime.kz AA бас редакторы Жібек Жайлыбаева