Елімізде дауларды шешудің қосымша әдісі ретінде Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы қолданылып келеді.
Аталған Заң жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан, сондай ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында және де сотқа дейінгі дауларды шешуге, сонымен қатар атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар бойынша қолданылады.Сондай-ақ медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп, жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін анықтайды.
«Медиация» сөзі латын тілінен аударғанда «делдал, екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға» деген мағынаны білдіреді. Медиация тәсілі сот жүйесіндегі әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден- бір жолы болмақ, яғни тарапты қанағаттандыру негізінде жүргізілген келіссөз рәсімі. Медиация деген сөздің мағынасын екі жақты татуластыру рәсімі деп түсіндіруге болады..
Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Ұлы қазақ даласының билігінің белгілі дара тұлғалары –Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, тұтастығын сақтауға улкен назар аударғаны баршамызға белгілі. Медиация туралы заңымыздың аты бөлек болғанымен қазақ халқы үшін жат дүние емес. Халқымыздың дарабоз билерінің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы екендігін түсінгеніміз абзал.
Медиацияны жүргізу кезінде медиация тараптары қол жеткізген дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар қол қояды. Келісімде медиация тараптары, даудың (дау-шардың) нысанасы, медиатор (медиаторлар) туралы деректер, сондай-ақ тараптар келіскен келісімнің шарттары, оларды орындау тәсілдері мен мерзімдері және оларды орындамаудың немесе тиісінше орындамаудың салдары қамтылуға тиіс. Дауды реттеу туралы келісімді медиация тараптары ерікті түрде осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімде орындауға тиіс. Азаматтық істі сотта қарағанға дейін жасалған дауды реттеу туралы келісім тараптардың азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған мәмілені білдіреді. Мұндай келісім орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған жағдайда, келісімді бұзған медиация тарапы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен жауаптылықта болады. Азаматтық процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген дауды реттеу туралы келісім дереу іс жүргізуінде азаматтық іс жатқан судьяға жіберіледі. Дауды реттеу туралы келісімді сот Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде көзделген тәртіппен бекітеді.Бұл ретте төленген мемлекеттік баж Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде көзделген тәртіппен төлеушіге қайтарылуға тиіс.
Қылмыстық процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген дау-шарды реттеу туралы келісім жәбірленушіге келтірілген залалдың орнын толтыру және қылмыс жасаған адамның жәбірленушімен татуласуы жолымен дау-шарды реттеу туралы келісімді білдіреді. 2022 жылдың Ағымдағы жылы аяқталған 3052( 2957) іс бойынша 450(264) іс, яғни істердің 15%- ы (8 %) бітімгершілікпен аяқталған.
Қазіргі уақытта татуласу, бітімгершілік рәсімінің аясын кеңейтуге, халықтың дауды сотқа дейін реттеуге мүдделі етуге, қоғамдағы шиеленістерді төмендетуге оң ықпал ететін аталмыш заң қарқынды жалғасуда.
Шымкент қаласы Әл-фараби аудандық сотының судьясы Жумадилова Ризагүл Шәкәрімқызы