Мереке мерекесімен, ал қаланың тыныштығы тұрақты болуы керек. Бұл орайда полиция қызметкерлеріне артылар жүктің салмағы басым. Өткен аптада, мемлекеттік маңызға ие ұлттық мереке тойланды. Республика күні қарсаңында полиция қызметкерлері шаһар тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қарқынды қызмет атқарды.
Жедел басқару орталығындағы бейнекамералардың көмегімен қала аумағында орын алған 8 қылмыс ізін суытпай ашылды. Оның ішінде, 7 ұрлық, 1 есірткі қылмысы бар. Сондай-ақ, тәртіп сақшыларына «102» арнасы арқылы 7597 әртүрлі сипаттағы қоңырау шалынған. Оның ішінде 3341 шағым тіркеуге алынып, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.
Сондай-ақ, мереке күндері полиция қызметкерлері нәтижелі жұмыс көрсетті. Оған дәлел, жиырма төртінші қазан күні күндізгі сағат 17:40 шамасында Әл-Фараби АПБ-на жергілікті азаматша арызданған. Ол өз шағымында 22.10.2022 жылы бұрын соңды көрмеген бейтаныс адам қоңырау шалуға оның «Iphone 13 Pro» маркалы құны 989 000 теңге тұратын ұялы телефонын сұрап алып, артынша белгісіз бағытта бой тасалап кеткенін көрсетті. Арыз түскен сәтте полиция қызметкерлері жедел іздестіру жұмыстарына кірісті. Жәбірленуші көрсеткен имей код арқылы смартфонды табуға тырысты.
Тиянақты жұмыстың нәтижесінде, алаяқтық жолмен қымбат маркалы смартфонды қолды еткен күдіктінің жеке басы анықталды. Ол, Түркістан облысының жергілікті тұрғыны болып шықты. Қала аумағындағы ұялы телефон алып сатумен айналысатын дүңгіршектердің бірінде, смартфонды сатқалы тұрған жерінде ұсталды.
Сәйкесінше, құны 1 миллион теңгеге жуық соманы құрайтын ұялы телефон иесіне қайтарылды. Алаяқ полиция басқармасына жеткізіліп,уақытша қамауға алынды.
Аталған жайт, ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі «Алаяқтық бойынша тіркелді. Қазіргі таңда, сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде.
Осы тұста, сіздерді барынша сақ болуға шақырамын. Ешқандай сылтаумен бейтаныс адамға бағалы смартфонды берудің қажеті жоқ. Қазір, алаяқтардың сан-түрлі айласы бар. Сондықтан, сақтық шараларын күшейтуге, аса мұқият болуға шақырамын.
Ntime.kz