Қарағанды қаласында ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүгедектігі бар адамдардың мәселелері жөнінде көшпелі отырысы өтті. Алқалы жиында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.
Көшпелі отырысқа Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Копжан Тұрлыбеков бастаған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының басшылары қатысып, Қарағанды облысындағы бірқатар оңалту орталықтарын аралады. Әріптестер өңірдегі орталықтардың жұмысымен танысып, өзара тәжірибе алмасты.
Еңбекминінің басшысы атап өткеніндей, Қазақстанда мүгедектігі бар 719 мыңға жуық адам тұрады. Соңғы онжылдықта ерекше қажеттіліктері бар адам саны 14%-ға, мүгедектігі бар балалар саны 49%-ға, ал халықтың жалпы саны 15% — ға өскен.
Әлеуметтік қызметтер порталын енгізу мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың жеке бағдарламаларының орындалуын 2022 жылы 90,8%-ға дейін жеткізуге, сондай-ақ тұрғылықты жеріне қарамастан оңалтудың қызметтері мен техникалық құралдарына қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.