Шаруаларға мемлекеттік қолдаулар жайлы насихат жұмыстары жүргізілуде

насихат

Түркістан облысында агроөнеркәсіп саласындағы мемлекеттік қолдауларды насихаттау және кеңінен түсіндіру жұмыстары басталды. Насихат жұмыстарын жүргізу үшін арнайы 3 жұмысшы топ құрылған. Облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы бастаған топ бүгін Қазығұрт және Сарыағаш ауданындағы шаруалармен кездесті. Басқосуға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, «ҚазСушар» РММ-і, «Тұран су» МКК, жанармай таратушы операторлар, қаржы ұйымдары мен зауыт өкілдері және тиісті мекеме басшылары қатысты.

«Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес өңірдегі барлық аудандарды 3 күн бойы аралап, ауыл шаруашылығындағы мемлекеттік қолдауларды кеңінен түсіндіру мақсатында жиналып отырмыз. Бетпе-бет сұрақтарыңызға жауап беріп, мәселені бірігіп оңтайлы шешу үшін келдік. Жалпы ауыл шаруашылығы саласы — өңірлік өнімнің 20%-н құрайтын облыс экономикасының негізгі саласы. Мемлекеттік қолдау мен атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде облыстың агроөнеркәсіптік кешені тұрақты дамып келеді. Біздің мақсатымыз — шаруалардың шығындарын жеңілдетіп, еш кедергісіз мемлекеттік қолдауды алуын қамтамасыз ету, — деді Ермек Кенжеханұлы.

Айта кетсек, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жеңілдетілген жанар-жағар маймен қамтамасыз ету — өткен жылдан бастап ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығына сәйкес, Gosagro.kz порталы арқылы жүргізілуде. Биыл көктемгі дала жұмыстарына 21,8 мың тоннаға өтінім тапсырылды. Қолдау бойынша көктемгі дала жұмыстарына 1-20 желтоқсан аралығында, күзгі дала жұмыстарына 1-20 мамыр аралығында өтінім қабылданады.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі