Қала прокурорының төрағалығында сот, құқық қорғау органдарының, «Атамекен» қалалық кәсіпкерлер палатасы және жергілікті уәкілетті органдарының бірінші басшылыларының қатысуымен есірткі мен психотропты заттардың заңсыз айналымына қатысты істердің заңдылығы мен сот-тергеу барысындағы мәселелері алқа мәжілісінде қаралды.
Қала прокуроры қазіргі таңда қоғам алдындағы өзекті мәселе – жас ұрпақ арасындағы нашақорлыққа қатысты ахуалы, сондай-ақ жастардың денсаулығына зиян келтіретін «күлдіретін газ» (азот оксиді) әлеуметтік желілерде және ойын-сауық орындарында шарлар түрінде кеңінен таралғанын және жасөспірімдерді өршіген нашақорлықтың алдын алуға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Алқа төрағасы Ғабит Қасымбекұлы есірткі мен психотропты заттардың заңсыз айналымына қатысты істерді тергеп-тексеру барысында заң бұзушылықтарға жол бермеуге қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.
Алқа қорытындысы бойынша прокурорлық қадағалау тиімділігін көтеруге, халық арасында құқықтық сауаттылықты, қылмыстық қудалау органдары басшыларының ведомстволық бақылауды және жауапкершілікті күшейтуге бағытталған шешімдер қабылданды.
Сонымен қатар 2022 жылдың өткен кезеңінде Шымкент қаласы бойынша есірткінің заңсыз айналымына қатысты 428 қылмыстық іс тіркеліп, тергеп-тексеру нәтижесінде 309-ы сотқа жолданған. Оның ішінде 245 тұлға сотталып, қалғаны қаралуда.
Қазіргі таңда қалалық медициналық мекемелерде нашақорлықпен 919 науқас динамикалық бақылауда тұр.
Сот-тергеу тәжірибесі есірткі заттары, оның ішінде синтетикалық есірткілер тұлғалармен әлеуметтік желілер арқылы сатып алатындығын көрсетіп отыр.
Оның жолын кесу мақсатында прокуратура әлеуметтік желілерде мониторинг жұмыстарын күшейтті.
Нәтижесінде есірткі заттарын жарнамалайтын, олардың сатып алу жолдарын көрсететін және басқа да нашақорлыққа қатысты әлеуметтік желілерде таралған 47 сілтемелер анықталып, прокуратура қабылдаған шаралармен олар толық бұғатталды.
Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда.