Аудан әкімі Арман Сәбитов Қарабұлақ ауыл округіне арнайы іс-сапармен барды. Сапар барысында бірінші болып М.Әуезов көшесінің бойында орналасқан малдың қаны мен сүйегін «қан төгетін» шұңқырдың құрылыс жұмыстарын тексерді.
Айта кетейік, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Қарабұлақта орналасқан мал бордақылау алаңдары мен мал сою бекеттерінің жұмыстары жаппай тексерілген болатын.
Осы орайда, аудан әкімі Арман Сәбитов 6,32 гектар аумақта орналасқан жоғарыда аталған «қан төгу» бекетінің жұмыстарын назарда ұстайтынын жеткізді. Барлық заң талаптарына сай жұмыс істеп тұрған «қан төгетін» шұңқырына алдағы уақытта өзге де мал сою бекеттері қалдықтарды тастайтын орынға айналмақ.
Қарабұлақ ауыл округінде екі мал базары бар. Аудан бойынша тәулігіне орта есеппен 3 мыңға жуық мал сойылады. Бүгінде ауданда 11 мал сою орнының санитарлық талаптары мүлдем сақталмағаны анықталып, үшеуі жабылған. Қалған 8 бекеттің басшыларына мал сою алаңдарын заман талабына сай ретке келтіруге уақыт берілген болатын.
Жалпы Қарабұлақ ауыл округі облыстағы ең халық көп шоғырларған аймақтардың бірі. 50 мыңнан астам халқы бар ауылдық округте инфрақұрылым мәселесі назардан тыс қалған емес. Аудан әкімі Арман Сәбитов сапар барысында Үшағаш көшесіндегі 18 га аумақты аралады. Онда 113 үй, 565 адам тұруда. Бұл көшеде газ жүйесін жүргізу және электр жарығын қосу жоспарлануда.