Қазақстандықтардың Оңтүстік Кореяда еңбек етіп, қызмет атқаруы мәселесі екіжақты келісім арқылы заңдастырылмақ. Бұл туралы орталық коммункациялар қызметінде өткен брифинг барысында белгілі болды.
«Қазақстан азаматтарының шетелде еңбек етіп, қызмет етіп, біліктілігін көтеруін реттеу — маңызды бағыттардың бірі. Аталған мәселе Президенттің 2021 жылғы халыққа жолдауында айқындалған. Бұл — жаһандық тренд. Қазақстандықтардың шетелде еңбек етуіне шектеу қоя алмаймыз, оның қажеті де жоқ. Керісінше, отандастарымыздың шетел асып еңбек етуіне, өз саласы бойынша біліктілігін арттырып, жетістіктерге жетуіне қолдау көрсетеміз. Яғни азаматтардың шетелдегі еңбек құқықтарын қорғайтын боламыз. Осы орайда бүгінде Түркия, БАӘ, АҚШ, Ұлыбритания, Солтүстік Ирландия, Оңтүстік Корея, Израиль, Қатар, Германияға Сыртқы істер министрлігі арқылы келісімшарт жобасы жолданды. Оған қол қойылғаннан кейін аталған елдерде еңбек етіп жатқан қазақстандықтардың құқығын қорғайтын заңды құжат болады», — деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов.
Сондай-ақ, көші-қон комитетінің басшысы Оңтүстік Корея еліндегі қазақстандық жұмыс күшіне қатысты мәлімдеме жасады.
«Корея елінен жыл сайын қазақстандықтарға қатысты әртүрлі жағымсыз мәліметтер келіп жатады. Ол ел еңбек миграциясы мәселесін шет мемлекеттермен екіжақты келісім арқылы ғана жүзеге асырады. Осы мәселені реттеуді қолға алып жатырмыз. Сәуірдің 25-26-де жұмыс тобы Сеулге барып еңбек миграциясы мәселесін талқылайды. Қазір Оңтүстік Кореяда 16 елге еңбек квотасы беріледі, келесі боп біздің ел қарастырылып жатыр», — дейді ол.
Сондай-ақ Оңтүстік Кореяға еңбек ету және біліктілігін арттыруға баратын отандастарымызға аталған елдің заңдылықтары мен тәртібі үйретіледі.
«Оңтүстік Кореяға еңбек етуге баратын қазақстандықтарды алдын ала дайындаймыз. Біріншіден тіл мәселесі. Одан әрі ол елдің заңдылықтары мен тәртібі және өзін-өзі ұстау, жүру-тұру жағын үйретеміз. Осылайша отандастарымыз Оңтүстік Кореяда еңбек етіп немесе біліктілігін көтере алады. Жуырда Үкімет басшысының бірінші орынбасары Р.Скляр бастаған делегация кореялық компаниялар мен зауыттарды елімізде ашу мәселесін талқылап, шешім қабылданды», — деді Ілияс Испанов.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, қазақстандықтардың Оңтүстік Кореяда еңбек етіп, қызмет атқаруы мәселесін екіжақты келісім арқылы заңдастыру қаралып жатыр.
Еске салайық, өткен жылғы 1 сәуірден бастап қазақстандықтар Оңтүстік Кореяға визасыз бара алады.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі