Түлкібас ауданынан кесіп өтетін Шымкент-Тараз бағытындағы «Алматы-Ташкент-Термез» автожолының 601 шақырымындағы Шақпақ ауылының маңы мен осы автожолдың 654 шақырымындағы Машат асуы полицейлермен жабылып, 2 блокбекет қойылды.
Сондай-ақ Бәйдібек ауданындағы облыстық маңызы бар Шаян-Ағыбет, Шаян-Ақбастау, Шаян-Мыңбұлақ, Шаян-Бірлік-Кеңестөбе автожолдары жабылып, қосымша 4 блокбекет қойылды.
Тәртіп сақшылары боран соғып, жолдың көруі нашарлауына байланысты адасып кеткен және автокөліктің қозғалуына мүмкіндік болмай тұралап қалған жолаушыларды құтқаруда. Мәселен Бәйдібек ауданы аумағындағы ішкі жолдарда аудан полицейлерімен 17 автокөлікке көмек көрсетіліп, 6 автокөлік кері қайтарылды.
Республикалық маңызы бар «Алматы-Ташкент-Термез» автожолының 635 шақырымында патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен Қарашық ауылы маңында Түркістаннан Алматы бағытына қарай жолға шыққан «Альфард» көлігі 6 жолаушысымен бірге, 3 жеңіл автокөлік 5 жолаушысымен бірге (2 жасөспірім 14-16 жас шамасындағы, қалғаны ересектер) қар құрсауынан құтқарылып, көмек көрсетілді.
Түркістан облысының полицейлері Департамент басшысы Мұрат Қабденовтің тапсырмасымен 11 желтоқсаннан бастап маңызы бар жолдарда патрульдеу мен ауа райының құбылуына байланысты жолаушыларға көмек көрсету жұмыстарын тәулік бойы жүргізуде. Сақшылар тұрғындарға ауа райының қолайсыз болуына байланысты алыс жолға шықпау керектігін ескертеді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі