Қазіргі кезде отбасы ішіндегі қылмыстық зорлық-зомбылық маңызды әлеуметтік проблемалар қатарына шығуда.Тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасы тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның басқаға қатысты дене зардабын және психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана әрекеті. Көбінесе, әйелдер мен балалар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары болып табылады. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі – моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Осыған сәйкес, әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық жұмыстар жасалуда. Отбасындағы өзара келіспеушіліктер көбінесе ауыр салдарға әкеп соғады және одан көп жағдайда нәзік жандылар зардап шегеді.
Елімізде отбасы ішіндегі зорлық-зомбылыққа қарсы іс-әрекет ең маңызды мәселелердің бірі. Осы орайда Абай АПБ Жергілікті полиция қызметінің әйелдерді қорғау тобының инспекторлары «Мирас» университетінің студенттерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында полиция подполковнигі Айнұр Қарабаева студенттерге «Отбасы ішіндегі зорлық-зомбылықтың алдын алу негіздері» атты дәріс оқыды. Онда отбасылық келеңсіз оқиғалар, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас баланың мінез-құлқына тікелей әсер етіп, жасөспірімдерді заңбұзуға итермелейтіндігі туралы айтылды.
Отбасындағы моральдық және этикалық құндылықтардың сақталуы жастардың болашағына зор әсерін тигізетіндігіне тоқталды. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары студенттердің жанұяларындағы қарым-қатынас тұрақтылығы жөнінде әңгіме өрбітіп, олармен сұрақ-жауап алысты.