Сайрамда «Аралас мектептердегі мемлекеттік тілдің оқытылу сапасын арттырудың мән-маңызы» тақырыбында диалогтық алаң өтті

Аралас

Сайрам аудандық білім бөлімінің «Аралас мектептердегі мемлекеттік тілдің оқытылу сапасын арттыру: мақсат, функционалдық сауаттылық, патриотизм» онкүндік іс-шараларын қорытындылау мақсатында «Аралас мектептердегі мемлекеттік тілдің оқытылу сапасын арттырудың мән-маңызы» тақырыбында диалогтық алаң өтті.

Мақсаты — аралас мектептердегі мемлекеттік тілдің оқытылу сапасын арттыру, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, отансүйгіштікке тәрбиелеу.

№7 Бабыр атындағы жалпы білім беретін мектебінде өткен басқосуға аудандық қоғамдық кеңестің және «Қазақ тілі» қоғамы Сайрам аудандық филиалының төрағасы М.Есалиев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-інің қызметкерлері, ақындар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, аралас мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің жетекшілері қатысты.

Жиынды аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Г.Нұртанова ашып, жүргізіп отырды. Бағдарлама бойынша қаралатын мәселелердің тізбесі мен спикерлерді таныстырды. Одан бөлек, аралас мектептердегі мемлекеттік тілді білу деңгейін көтеру, іскерлік қарым-қатынас жасау, сөз әдебін сақтау қажеттіліктерін көпшілікке түсіндірді.

Алдымен ауданның қоғамдық кеңестің және «Қазақ тілі» қоғамы Сайрам аудандық филиалының төрағасы, Сайрам ауданының Құрметті азаматы Мұрат Мырзатайұлы «Мемлекеттік тіл – ең бірінші мемлекеттің мәртебесі» тақырыбында әрбір азамат мемлекеттік тілді білу заман талабы екенін ұғындырды. Осыған байланысты, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының орындалуы баршаға жүктеліп отырған міндет екенін атады. Осы бағытта тілді меңгертудегі ұстаздардың рөлі мен еңбегі жайлы пікірін білдірді.

Бағдарламаға сәйкес, бөлімнің мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу бойынша әдіскері Қ.Сарманованың «Ұлттық тәрбие – ел болашағы» тақырыбында баяндауынша, ауданда Жол картасын жүзеге асыру барысында мектепке дейінгі білім беру ұйымы мен мектептің арасындағы сабақтастық бүлдіршіндердің тіл үйренуіне, тәрбие алуына бағытталған. «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» шеңберінде ұлттық құндылықтарды насихаттау жолында атқарылған нәтижелі жұмыстарға тоқталды. Барлық бөбекжай балабақшада ұлттық бұрыш орнатылған, күнделікті ұлттық күнге байланысты балалармен сабақтар мен сергіту ойындары ұйымдастырылады. «Бестемше», «Асық ату», «Бәйге», «Арынды арқан» секілді ұлттық ойындар балалардың қызығушылығын арттырып, ой-өрісін және дене күшін дамытатынын тілге тиек етті.

Келесі сөз кезегінде Түркістан облысында «Үздік журналист» атағының иегері, «Бақытым сенсің — Түркістан» облыстық мүшәйрасының 2-орын жүлдегері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Мәртөбе» аудандық

ақпараттық апталық газетінің редакторы Н.Төремұратов «Тіл – қарым-қатынас құралы дегендей, мемлекеттік тілді дамыту үшін сол тілдің қолдану аясын кеңейтуіміз керек. Әрине, әр азамат өз мүмкіндігі шегінде, мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып жүр. Бірақта, келер ұрпаққа жеткізу — біздің міндетіміз. Өз тілімізді өзіміз толық меңгеріп жатсақ, басқа ұлт өкілдерінің де талпынысы, қызығушылықтары артып, бірлігі де берік болары сөзсіз. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай, өзге тілді үйреніп, ана тілімізді ұлықтау, оған құрмет көрсету, оны кеңінен насихаттау – әрқайсымыздың борышымыз» — деді.

Тіл мәртебесін көтеру жайлы «Жанубий Қозоғистон» қоғамдық-саяси газетінің Сайрам ауданындағы тілшісі З.Моминжанов жарыссөзге шығып, ойын жеткізді.

Ал, «Өзге де пікір» республикалық газетінің Бас редактордың орынбасары Ұлықбек Үмбет мектептердегі көрнекі құралдарының сауатты жазылу тәртібін қозғады.

Кейінгі кезекте жас ақын Амалхан Төлебек «Тіл — мемлекеттің тірегі» тақырыбына сай өлең жолдарымен бастап, сөз өрбітті. Тіл тарихы ұлт тарихымен үндес екенін сөйлеп, ел тарихын тануға, тілді құрметтеуге шақырды.

Мұнан кейін «Sairam tv» телеарнасының тілшісі Данат Балқыбекұлы білім беру мекемелеріне әлеуметтік желіде жариялайтын ақпараттарды қысқа-нұсқа, нақты және сауатты жазуды қолға алуын ұсынды.

Аралас мектептерде мемлекеттік тілде білім берудің нәтижесі жайлы «Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта мектеп» ЖШС-і директордың бейінді оқыту бойынша орынбасары М.Давлетова, аралас мектептерде мемлекеттік тілде оқыту мәселелерін №7 Бабыр атындағы жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары М.Тойчиева баяндады.

Іс-шара соңында қоғам белсенділері, тіл жанашырлары және қатысушылармен талқыланып, тыңдалған маңызды ұсыныс-пікірлердің хаттамаға енгізілетіні ескертіліп, қорытындыланды.