Сайрамда жаңа оқу жылында 7 білім ордасы пайдалануға берілмек

Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов өңірдегі бірнеше ауылдық округтерге барып, құрылысы жүріп жатқан нысандармен танысты. Алдымен Ақбұлақ округінде орналасқан екі қабатты мәдениет үйінінің құрылыс жұмыстарын көрді. Бүгінде нысанның ішкі жұмыстары аяқталып, көрермендер залының едені төселуде. Аталған ғимарат – мәдениет үйін, кітапхана мен спорттық үйірмелерді қамтымақ. Мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, нысан биыл қыркүйек айында пайдалануға беріледі.

Аудан әкімінің сапары аймақтағы мектеп құрылыстарымен танысумен жалғасты. Аймақта жалпы 75 мемлекеттік, 17 жеке меншік мектеп бар. 1 қыркүйектен бастап тағы жеті білім ордасы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Одан бөлек, аудан басшысы өңірдегі «Art Boilers» компаниясының жұмыс барысымен танысты. Бүгінде бұл мекеме неміс технологияларын қолдана отырып, заманауи қазандықтарды өндіріп жатыр. Жалпы кәсіпорын 2,6 га жерді алып жатыр. Онда жылына 400-ге жуық жылыту қазандықтары шығарылады. Бұл өңірдегі жоғары технологиялық жылыту қазандықтарын өндіретін жалғыз өндіріс орны. 2008 жылы негізі қаланған «Art Boilers» компаниясы алдағы уақытта да өндіріс күшін арттырмақ.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі