Сайрамда «Тұғыры төрден түспеген Сәкен» атты әдеби кеш өтті

Сәкен

Бүгін ауданымызда С.Сейфуллиннің 130 жылдығына орай, тәжірибелік семинар аясында «Тұғыры төрден түспеген Сәкен» атты әдеби кеш өтті.

№20 С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясында өткен шараға аудандық әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Г.Нұртанова, Сайрам, Қазығұрт аудандарының Құрметті азаматы С.Темірбаев, мектептің ата-аналар комитетінің төрайымы Р.Байғонова, білім беру мекеме басшыларының орынбасарлары және мектеп ұжымы қатысты.

Алдымен, құрметті қонақтарға ғылыми жобалар бойынша республикалық байқаулардың жүлдегерлері шығармашылық жұмыстары мен ғылыми ізденістерін таныстырды.

Білім ордасының өнерпаздары ұлттық аспаптармен сазды әуен ойнап, «Ақ кербез» бишілер тобы ұлттық би орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мұнан кейін мектептің кіреберісінде ақынның жыр жинақтары мен оған арналған кітап көрмесі мен қолөнер туындыларын тамашалады.

Жиында Гүлнәр Бермахамбетқызы сөз сөйледі.

— Аудандық білім бөлімінің «Аралас мектептердегі мемлекеттік тілдің оқытылу сапасын арттыру: мақсат, функционалдық сауаттылық, патриотизм» тақырыбында бекіткен онкүндік іс-шаралар жоспарына сәйкес шара ұйымдастырылуда.

«Тарихын ұмытқан ел – жоғалған ұлтпен тең» деген сөзге сай, қазақ елінің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан тұлғаларды еске алу дәстүрге айналған.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері мен тарихи тұлғалардың мерейтойлары атаулы күндер тізбесіне енгізіліп, оқу жылы ішінде республиканың барлық білім беру ұйымында аталып өтуде.

Осыған орай, биылғы жылдың 15 қазан күні қазақ ақыны, драматург және Қазақстан Жазушылар одағының негізін қалаушы Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толды.

Іс-шара қазақ елінде дүниеге келген үш бәйтеректің еңбектері мен өнегелі жолын жастарға насихаттап, патриоттыққа тәрбиелеуге, әдебиетке қызығушылығын арттыруға, өз заманындағы қоғамдық-саяси көзқарасын танытуға бағытталған.

Ақын өзінің халқына, туған әдебиетіне толымды қызмет етті. 25 жылдық шығармашылық қызметінің өзінде жүздеген өлең, ондаға поэма, пьесалар мен әңгімелер, ғылыми зерттеулер жазды. Сондықтан, Сәкен Сейфуллин – өзі өмір сүрген заманның айнасы.

Елордада белгілі ақынға арналған мұражай бар. Бұл мұражайға Сәкен Сейфуллин өмірде пайдаланған заттар қойылған, негізінен жазушының әйелі мен туыстары тапсырған жеке заттары, кітаптар, фотосуреттер, мұрағаттық құжаттар, сондай-ақ жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған картиналар мен мүсіндер бар.

Осы мектеп қабырғасында білім алып жүрген әрбір оқушы ел мақтанышы болсын деген тілегімді жеткіземін. Тәуелсіз еліміздің тұғыры әрқашан биік болсын!

Құттықтау сөзінен кейін, мектеп директоры Оразбаева Ұлдана Ордабекқызына С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «С.Сейфуллин» медалімен марапаттап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі, мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірі мен шығармашылық жолы әсерлі сахналанды. Қазақ тілі мен әдебиеті бірлестігі «Бейімбет өмірінен», «Сәкен аға» көріністерінде ақын мен оның жарының шынайы болмысын жеткізіп, тағдыр тәлкегеніне түскен кейіпкерлердің өмірлерінен сыр шертті.

Табиғаттың сұлулылығын суреттейтін «Біздің жақта» әнін мектеп жанында ұстаздардан құрылған хор ұжымы, сонымен қатар «Көкшетау» және «Тау ішінде» әндері де тебірене жеткізілді. Оқушылар «Ақсақ киік», «Сыр сандық» өлеңдерін мәнерлеп айтты. Білім ұясы жанына құрылған домбырашылар ансамблінің орындауымен Құрманғазының «Балбырауын» күйі тыңдалды.

Бағдарламаға сәйкес, жасанды интеллект арқылы Ілияс Жансүгіров пен Бейімбет Майлин кейіпкерлерін сөйлетті. Кеш жүргізушісі, мұғалім С.Зиябекова мектептің тарихы мен жетістіктеріне тоқталды.

Кеш соңы «Біздің мектеп» әнімен жалғасып, құрметті қонақтарға сөз кезегі ұсынылып, қорытындыланды.